Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Б. Сағынтаев: Үкімет ХВҚ-ның үздік тәжірибелерін таратуға жәрдемдесуге және өзара іс-қимыл тәжірибесімен алмасуға әзір

16 мамыр 2018, 16:31
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін Қазақстанның елордасында Астана экономикалық форумының қарсаңында ХВҚ мен Ұлттық банктің Өңірлік кездесуі аясында Жоғары деңгейлі пікірталастар қатысушыларына ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев құттықтау сөзін арнады.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Ең алдымен, Астана экономикалық форумының алаңында ХВҚ аймақтық кездесуінің барлық қатысушылары мен ұйымдастырушыларын көргеніме қуаныштымын!

Бұл осында, біздің елордамызда ұйымдастырылып отырған екінші іс-шара. 

Бүгінгі таңда біздің алдымызда тұрған мәселелер — жаңғырту және біздің бәріміз үшін процестердің дамуына және тәуекелдердің азаюына әкелетін саясатты нығайту. Бұл мәселелер бәріміз үшін аса өзекті.

Қазақстан экономикалық интеграцияны тереңдету саясатын ұстанады және Еуразия кеңістігіндегі ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып жатыр.

Біз Еуразиялық экономикалық одаққа қатысу мүмкіндігін экономикамызды әртараптандырудың негізгі құралдарының бірі ретінде қарастырамыз.

Қазақстан жаһандық «Белдеу және Жол» бастамасының дамуын қолдайды және аталған жобада толыққанды халықаралық ынтымақтастық орнатуға дайын. Бұл үшін негізгі әлемдік нарықтарға шығудың қысқа әрі экономикалық жағынан тиімді көліктік-логистикалық жолын құрдық.

Қазақстан 2015 жылдың соңынан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымының ресми мүшесі болып табылады. Бұл — еліміздің Орталық Азия аймағының көшбасшысынан жаһандық экономикалық процестің ірі қатысушысына айналуына берілген мүмкіндік.

Бүгінгі басқосудағы біздің мақсатымыз бір — елдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инвестициялар тарту, заманауи экспорттық саясатты қалыптастыру және инновациялық кәсіпкерлік қызметті ынталандыру арқылы біздің өңірдің әлеуметтік әрі экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал ету.

Қазақстан бұл бағытта белсенді жұмыстар атқарып жатыр.

Біз мақсатты түрде көп векторлы және теңдестірілген сыртқы саясатты жүргізіп отырмыз. Елімізді және экономиканы жаңғыртудың үшінші толқыны басталды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңа басымдықтар мен міндеттерді анықтады. Негізгі салаларды жаңғырту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту және өнімді жұмыспен қамту, технологиялық даму, адам капиталының жаңа сапасы, инновациялық дамудың жаңа институттарын құру — осы басымдықтардың барлығы Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін нығайтумен қатар, аймақтық интеграцияны дамытуды көздейді.

Қазақстан Үкіметі ХВҚ-мен, Кавказ және Орталық Азия елдерімен аталған барлық бағыттарда тәжірибемен алмасуға және үздік тәжірибелерді таратуға жәрдемдесуге әзір.

 

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Әлемде болып жатқан жаһандық технологиялық өзгерістер әлемдік дамудың құбылмалы болуына, жаңа күрделі сын-тегеуріндердің пайда болуына алып келеді.

Біздің елдеріміз әлемдік түрленуде көштің соңында емес, әлемнің дамыған бөлігі болуы үшін бірлесуге және кооперация құруға дайын ба? Бірлесуді күшейтудің қандай мүмкіндіктерін пайдаланып, қандай қауіптерден аулақ болғанымыз абзал? Өңір мемлекеттерінің ұлттық мүдделеріне жауап беретін заманауи макроэкономикалық, қаржылық және құрылымдық саясатты қалай елестетеміз!

Біздің бүгінгі диалогымыз бен алда өтетін пікірталастар пікір алмасуға және бірлесіп әлем алдында тұрған сын-тегеуіріндердің шешімін табуға жол ашатынына сенім білдіремін.

Форумның барлық қатысушысына сындарлы диалог өрбітуді және жұмыста сәттілік тілеймін!

Назарларыңызға рахмет!

 

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз