Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Б. Сағынтаев пен Сұлтан Ахмед бин Сулайем транзиттік әлеуетті дамыту мәселелерін талқылады

16 мамыр 2018, 17:23
Фото: primeminister.kz

Бүгін XI Астана экономикалық форумы қарсаңында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев DP World компаниясының басқарма төрағасы Сұлтан Ахмед бин Сулайеммен кездесті.

Кездесу барысында компаниямен ынтымақтастық мәселелері және көліктік-логистикалық жүйені жаңғырту және дамыту саласындағы, Қазақстанның көлік инфрақұрылымын басқару тиімділігін жетілдіру, сондай-ақ, қазақстандық терминалдарды әлемнің 6 құрлығында жаһандық логистика тізбегіне біріктіру үшін Қорғас пен Ақтауда қолданылатын ақпараттық жүйелерді интеграциялау салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Белгілі болғандай, еліміздің транзиттік әлеуетін Жаңа Жібек жолының логистикалық хабы ретінде дамыту, сондай-ақ, тұрақты сұранысқа ие тұтыну тауарларын тасымалдау көлемін ұлғайту мақсатында Қазақстан арқылы өтетін тиімді транзиттік трансконтиненттік дәліздер мен бағдарлар желісі құрылды. 2015 жылдан бастап «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда, оның аясында автожолдар қалпына келтіріліп, темір жол желілері салынып жатыр, теңіз порттары арқылы өтетін жүк ағындарының батыс қақпалары құрылған, әуежайлар жаңартылуда, еліміздің оңтүстік-шығысында құрғақ порт сәтті жұмыс істеп тұр және Қазақстанның заманауи логистика жүйесінің негізі салынуда.

Dubai Port World компаниясының озық технологиялары мен тәжірибесі бүгінгі таңда «Қорғас – Шығыс қақпасы» және «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймақтарын басқаруда қолданылып жатыр. Осы жылдың наурыз айында Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзіне асыру Dubai Port World-қа Қазақстан нарығында компанияның қатысу үлесін кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА автоматтандыру аясында «Номад» бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленді, ол бизнес үдерістерді автоматтандыруды қамтамасыз етті және тексеру рәсімдерін 24 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартуға жол ашты.

Dubai Trade-пен қол қойылған келісім «Номадты» логистикалық тізбектің халықаралық қатысушыларын біріктіретін, әлемнің 6 құрлығындағы 77 терминал түріндегі (порттар, терминалдар, тұтынушылар, көліп компаниялары) Порттық коммуникацияның ақпараттық жүйесімен (Port Community System) біріктіруді көздейді.

Еске сала кетейік, DP World — «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА және «Ақтау теңіз порты» АЭА қоса алғанда, көптеген бірлескен инвестициялық жобалар бойынша Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Бірлескен жобаларды жүзеге асырудағы бірлескен кооперация «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА мен «Ақтау теңіз порты» АЭА-ны тиімді әкімшіліктендіруге және басқаруға, сондай-ақ оларды халықаралық логистика тізбегіне біріктіруге негізделген. Бұл DP World-тың озық технологияларын «Қорғас–Шығыс қақпасы» АЭА-да көліктік логистика саласында қолдануға, сонымен қатар «Jebel Ali» АЭА табысты операторының тәжірибесін «Ақтау теңіз порты» АЭА қызметінде қолдануға мүмкіндік берді.

Компанияның табысқа жетуі көбінесе Сұлтан Ахмед бин Сулайем мырзаның қызметімен байланысты. 30 жылда ол DP World компаниясының халықаралық деңгейде кеңеюіне қол жеткізді, соның ішінде 6,85 млрд доллар тұратын P&O Group компаниялар тобын сатып алды, соның нәтижесінде компания әлемдік жетекші теңіз порты операторы мәртебесін алды.

Анықтама: DP World әлемнің 40 елінде 78 терминалды пайдаланады; жылына шамамен 70 000 кеме қабылдайды; жылдық жүк тиеу көлемі — 77 млн ЖФЭ (2017); DP World — «Jebel Ali» портының операторы (134 шаршы км аудан, 77 айлақ және құрғақ порт); «Jebel Ali» АЭА-да әлемнің 120 елінен 7000-нан астам компания жұмыс істейді.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз