Б. Атамқұлов 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» жаңа тұрғын үй бағдарламасының бес негізгі бағыты туралы айтып берді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру барысы және 2020-2025 жылдарға арналған жобасы қаралды. ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов пен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ төрағасы А. Әріпханов жаңа мемлекеттік бағдарламаның негізгі бағыттары мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

ҚР ИИДМБ деректері бойынша, бағдарламада 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамытудың және Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламаларынан жылумен, сумен жабдықтау және су тарту, коммуналдық секторды жаңғырту, үйлерді жөндеу мәселелері біріктірілген.

Бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру атты бірінші міндеттің аясында тұрғын үйге қолжетімділік сатысы енгізіледі. Айқындаушы фактор – халықтың табысы.

«Әрбір отбасы мүшесіне шаққанда бір ең төмен күнкөріс деңгейіне дейінгі табысы бар азаматтарға (29,7 мың теңге) сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй ұсынылады (жетім балалар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, зейнеткерлер және т.б.). “Бақытты отбасы” бағдарламасы бұрынғысынша 2 ең төмен күнкөріс деңгейіне дейінгі табысы бар азаматтарға (59,4 мың теңге) қолжетімді болады», — деді ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі. 

Оның айтуынша, 3,1 ең төмен күнкөріс деңгейіне дейінгі табысы бар азаматтарға (92 мың теңге) «5-20-25» бағдарламасы бойынша әкімдіктердің кредиттік тұрғын үйлерін алу мүмкіндігі беріледі (әскери қызметкерлер, бюджет саласының қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер). Табысы 3,1 ең төмен күнкөріс деңгейінен асатын азаматтарға «7-20-25» бағдарламасы қолжетімді.

«Табысы 5 ең төмен күнкөріс деңгейінен асатын адамдар (148,5 мың теңге) бастапқы және кейінгі нарықтан тұрғын үй сатып алу үшін қолданыстағы нарық өнімдерін пайдалана алады (Ұлттық банктің "Баспана-хит", Қазақстан Ипотекалық компаниясының "Орда", Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің "Өз үйім" бағдарламалары)», — деді Б. Атамқұлов.

Баспана алудың ашықтығы мен бірыңғай жүйелік есепке алуды қамтамасыз ету үшін Кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық базасы енгізілуде. Аталған базаның деректері кезекте тұрған адамдар арасында тұрғын үйдің қолжетімділігін анықтау үшін пайдаланылатын болады, бұл мемлекеттік қолдаудың нақты адамға берілуі мен мемлекеттік қаражатты пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз етеді.

Бағдарламаның екінші міндеті — халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, қалалық елді мекендерде республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 4188 шақырым сумен жабдықтау (2420 км) және су бұру (1768 км) желілерін салу жоспарланған. Желілерді қайта құру үшін бюджеттен тыс қаржыландыру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тетіктері және қаржы ұйымдарының кредиттері пайдаланылатын болады.

«Халық саны 200 адамға жетпейтін ауылдарда сумен жабдықтау мәселесі суды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату арқылы, ал халық саны 200 адамнан асатын ауылдарда – орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелері арқылы шешілетін болады», — деді ол.

Сондай-ақ, кәріздік-тазарту қондырғыларын салу және қайта құру мәселелері шешілуде. 2023 жылға қарай орталықтандырылған сумен жабдықтауға 100% қолжетімділікті қамтамасыз етіп, 53 кәріздік-тазарту қондырғыларын қайта құру мен салуға халықаралық қаржы ұйымдарынан 328 млрд теңге көлемінде қаражат тарту жоспарлануда. Бұл 3 жыл ішінде қалалардағы кәріздік-тазарту қондырғыларын толық жаңғыртуға және 2024 жылға қарай 100% қамтуға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Бағдарламаның үшінші міндеті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғыртуға және дамытуға бағытталған. 

ҚР ИИДМБ деректері бойынша, Қазақстан бойынша жылумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 11511 шақырымды құрайды, олардың орташа тозуы 60%-ды құрайды. 3 381 шақырым желі әбден тозған, сондықтан оларды қайта жаңғырту қажет. Әбден тозған желілерді ауыстыруға бюджеттік кредиттеу тетігі шеңберінде 240 млрд теңге жұмсау ұсынылады.

Төртінші міндет тұрғын үй қорын күрделі жөндеу және қайта жаңарту шараларын көздейді.

Бүгінде республиканың тұрғын үй қорында 78 мыңнан астам көппәтерлі үй бар, оның ішінде 18 мың үйге күрделі жөндеу жүргізу қажет.

2020-2021 жылдары өңірлерге осы мақсаттарға 30 млрд теңге қаражат бөлінеді деп жоспарланды, бұл шамамен 700 үйді жөндеуге мүмкіндік береді және 126 үй айналымдағы қаражат есебінен жөнделеді.

Бесінші міндет шеңберінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жетілдіру бойынша мынадай шаралар қабылдануда:

  • жаңа нормативтерді, үлгілік жобаларды, жалпы мемлекеттік маңызы бар қала құрылысы жобаларын әзірлеу және қолданыстағыларын өзектендіру;

  • нормативтік-құқықтық актілер мен техникалық құжаттарды цифрландыру.

Б. Атамқұловтың айтуынша, құрылыс процестерінің ашықтығын белгілеу және құрылыс сапасын бақылау мақсатында «Е-Құрылыс» бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр.

Айта кету керек, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2018 жылы 12,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл еліміздің бір тұрғынына шаққанда 0,68 шаршы метрді құрайды әрі ТМД елдері арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш.

Осы жылдары тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша көш бастағандар — Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Маңғыстау және Ақтөбе облыстары. Республика бойынша жылдық жоспар 13 млн шаршы метрді құрайды. 10 айдың қорытындысы бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес өңірлерге 59,3 млрд теңге аударылды, 56,3 млрд теңге немесе 96,1% игерілді.

«Бір тұрғынға шаққандағы баспанамен қамтамасыз етілу көрсеткіші 21,9 шаршы метрге жетті. Біздің мақсатымыз 2030 жылға қарай 30 шаршы метрге дейін жеткізу», — деп түйіндеді Б. Атамқұлов.

Өз кезегінде, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ төрағасы А. Әріпханов «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың барлық кезеңінде әкімдіктердің облигацияларын сатып алу тетігі арқылы кредиттік тұрғын үй салу бағыты бойынша 2017 жылдан бастап «қайтарымдылық қағидаты» бойынша 310,9 млрд теңгеге, оның ішінде осы жылдың 10 айында 102,9 млрд теңгеге облигациялар сатып алынды.

«Қараша айында әкімдіктер тиісті бұйрықтар шығарғаннан кейін 5,9 млрд теңгеге қосымша облигациялар сатып алынады. Сонымен қатар, өтімділіктің жетіспеушілігін болдырмау үшін өңірлер IV тоқсанда 8,3 млрд теңге жалпы сомасына бұрын шығарылған облигациялардың мерзімінен бұрын өтеуін қамтамасыз етуі керек», — деді холдинг басшысы.

Бұл шаралар қаржы ресурстарын уақытылы жеткізуге және осы жылы жоспарланған құрылыс көлеміне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Нұр-Сұлтан қаласындағы проблемалы объектілер құрылысын аяқтау бағыты бойынша 2018 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорды басқару кеңесінің хаттамасына сәйкес 20 млрд теңгеге қаржыландыру немесе жоспардың 100% қамтамасыз етілді. Осы жылдың соңына дейін әкімдіктің тапсырысы бойынша қосымша 20 млрд теңге бөлінеді.

Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің бағыты бойынша 2017 жылдан бастап 2019 жылдың 10 айы ішінде халыққа жалпы сомасы 1 трлн теңгеге 108,6 мың жеңілдетілген қарыз берілді, оның ішінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 145,3 млрд теңге сомасына 19,1 мың қарыз берілді.

«Осы жылдың шілде айынан бастап көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға жылдық 2% мөлшерлемесімен ипотекалық кредит беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне жалпы сомасы 47 млрд теңгені құрайтын 4 650 өтінім қабылданды, оның ішінде 33 млрд теңгеге 3 250 қарыз берілді. Осы жылдың соңына дейін жалпы сомасы 50 млрд теңге болатын 5 мың қарыз беріледі», — деді А. Әріпханов.

Айта кету керек, 2020 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайынғы беру жоспары кемінде 10 мың қарызды құрайды.

Халыққа арналған коммерциялық ипотеканы субсидиялау бағыты бойынша Қазақстандық ипотекалық компаниясы жалпы сомасы 36,2 млрд теңгеге өтінімдерді мақұлдады. Бұл 3,5 мың қазақстандық үшін ай сайынғы ипотекалық төлемдердің құнын 30%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.

Осы бағыт іске асырыла бастаған сәттен бастап жеке құрылыс салушылардың кредиттерін субсидиялау бағыты бойынша «Даму» қоры субсидиялау үшін жалпы сомасы 99,8 млрд теңге болатын жобаларға қол қойды. Құрылыс компаниялары үшін коммерциялық кредиттер құны орта есеппен 50%-ға төмендеді. Сонымен қатар, жеке құрылыс салушылар салған тұрғын үйдің жартысы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына және «7-20-25» бағдарламасының қатысушыларына белгіленген бағамен сатылады.

Үлестік тұрғын үй құрылысы бағыты бойынша Кепілдік беру қоры жалпы 90,3 млрд теңгеге жоспарлап, 146,9 млрд теңгені құрайтын жобаларды мақұлдады. Холдинг басшысының сөзінше, бұл халықтың коммерциялық нарықта 10,4 мың пәтер сатып алуға жинаған салымдарын қорғауға мүмкіндік берді. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу