ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов Атырау облысының тұрғындарымен кездесу өткізді

2022 жылғы 12 тамызда ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов Атырау облысының тұрғындарымен кездесу барысында ведомство қызметінің бағыттары және өңірдегі мұнай-газ саласының негізгі көрсеткіштері туралы айтып берді. 

Оның айтуынша, Атырау облысында 2021 жылы мұнай өндіру 48 млн тоннаны құрады. 2022 жылдың 7 айында 27,7 млн тонна мұнай өндірілді. Газ өндіру көлемі 24,9 млрд м3 немесе 2020 жылға қарағанда 103%-ды құрады. 2022 жылдың 7 айында 14,4 млрд м3 немесе 2021 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 101% өндірілді. Өңірде 30-дан астам компания жұмыс істейді, олар елдегі барлық өндірудің 55%-ын қамтамасыз етеді. Өндірудің негізгі үлесі Теңіз және Қашаған ірі кен орындарына тиесілі.

«Теңіз кен орнында Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі жоба – Келешек кеңейту жобасы іске асырылып жатыр және оны 2024 жылы аяқтау жоспарланған, бұл өндірісті жылына 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді», — деді ведомство басшысы.

2021 жылы Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд м3 газ өңдеу зауытының құрылысы басталды, бұл 2024 жылы өндіруді тәулігіне 450 мың баррельге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Толық қуатқа шыққан кезде зауыт 750 млн м3 көлемінде тауарлық газ, 120 мың тонна сұйытылған газ, 14 мың тонна конденсат, 212 мың тонна күкірт өндіретін болады.

Бұдан басқа, қуаты жылына 2 млрд м3 Қашаған ГӨЗ жобалауды бастау жөнінде шешім қабылданды, бұл 2027 жылы өндіруді тәулігіне 500 мың баррельге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Аталған жобаларды іске асыру қорытындылары бойынша мұнай өндіруді жылына 16 млн тоннадан 20 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделген.

Сонымен қатар Атырау облысында газ өндіруді 21 газ өндіруші жер қойнауын пайдаланушы жүзеге асырады. Өңір халқын газдандыру деңгейі 98,7%-ды құрайды немесе 660 мың тұрғын табиғи газбен қамтамасыз етілген.

Болат Ақшолақов өз сөзінде Ұлттық экономика министрлігі бекітетін Атырау облысындағы табиғи газдың түпкілікті бағасы текше метрі үшін 5,3 теңгені, ал атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін текше метрі үшін 4,2 теңгені құрайтынын, бұл елдегі ең төмен баға болып табылатынын атап өтті.

 

2022 жылға бекітілген республикалық бюджетте 003 бюджеттік бағдарламасы бойынша 3 жаңа жобаны іске асыруға 1 млрд теңге қарастырылған. Бұл жобалар – Атырау облысы Исатай ауданы Қызыл үй, Жасқайрат ауылдарын газбен жабдықтау, сондай-ақ Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тасқұдық, Соркөл, Сарықұмақ, Былқылдақты, Қоңыраулы, Кенбай елді мекендеріне газ құбыры желілерін салу жобалары.

«Аталған жобаларды іске асыру инфрақұрылымды жүргізуге және шамамен 1300 адамды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді энергетика министрі.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Мақат – Солтүстік Кавказ» МГҚ лупингінің құрылысы» инвестициялық жобасы іске асырылуда, бұл өңірдің өсіп келе жатқан қажеттілігін ескере отырып, табиғи газдың қосымша көлемін тасымалдауға мүмкіндік береді.

Атырау және онымен шекаралас облыстардағы 4 жер қойнауы учаскесі бойынша қорытынды қол қою бонусы 2,4 млрд теңгені құрады

«Өңірде Қазақстанның 118 кен орны орналасқан, көмірсутектер бойынша 78 келісімшарт жасалған. Бүгінгі таңда өндірілетін мұнай қоры шамамен 3,3 млрд тонна, ал газ қоры 200 млрд текше метрден асады», — деп атап өтті ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов 2022 жылғы 12 тамызда Атырау облысының тұрғындарымен кездесуде.

2022 жылы Атырау және онымен шекаралас Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында орналасқан 4 жер қойнауы учаскесіне көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге аукцион өткізілді. 

Қорытынды қол қою бонусы шамамен 2,4 млрд теңгені құрады, бұл бастапқы қол қою бонусынан шамамен 10 есе артық.

Сондай-ақ жақын арада аталған жер қойнауы учаскелерінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, оларға салынған инвестиция көлемі 5,3 млрд теңгені құрайды.

Бүгінгі таңда Министрлік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау шеңберінде жер қойнауын пайдалануға арналған Жақсартылған модельдік келісімшарт тетігін енгізу бойынша заңнамалық өзгерістер топтамасын әзірледі, онда салықтан босату түріндегі реттеушілік және фискалдық преференциялар көзделеді. Заңнамаға көрсетілген түзетулер жыл соңына дейін қабылданады, бұл жаңа кен орындарын игеруге серпін береді.

ҚР Энергетика министрлігі ЖЖМ нарығын реформалау бойынша шаралар қабылдауда

ҚР Энергетика министрлігінің бұйрығымен АИ-80, 92-93 және дизель отынын бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды мемлекеттік реттеу сақталды.

Бүгінгі таңда Атырау облысында АИ-92 бензинінің орташа бағасы 169 теңгені құрайды, дизель отынының бағасы – 1 литрі үшін 230 теңге.

АИ-95-ке баға белгілеу бәсекелі ортаға берілді және оны нарық айқындайды, өйткені АИ-95 және одан жоғары бензинді өндіру кезінде қымбат тұратын импорттық қоспалар мен жоғары октанды компоненттердің үлкен шығыны талап етіледі, олардың бағасы мұнай бағаларымен және валюта бағамдарына байланысты болады.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жанар-жағармай материалдары (ЖЖМ) нарығын реформалау жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде мынадай шаралар қабылданып жатыр:

  • мұнай өнімдерін өндіру және бөлу саласында ашықтықты және транспаренттілікті қамтамасыз ету;
  • автокөлікпен мұнай өнімдерін шығаруға тыйым салуды 2022 жылдың соңына дейін ұзарту туралы бұйрық қабылданды;
  • сараланған бағаларды әзірлеу арқылы дизель отынының тапшылығына жол бермеу.

Бүгінгі күні Энергетика министрлігі резиденттікке және көлік түріне байланысты дизель отынына бағаларды саралауды көздейтін бұйрық жобасын әзірлеп, ресми интернет-ресурста және «Ашық НҚА» порталында жариялады.

Өңірде сұйытылған газдың шекті бөлшек сауда бағасы 1 литр үшін 50 теңгені құрайды

«Атырау облысында 95-ке жуық автомобильге газ құю станциясы бар және 29 ұйым сұйытылған газды сатуды жүзеге асырады», - деп хабарлады Болат Ақшолақов Атырау облысының халқымен кездесуде сөйлеген сөзінде.

ҚР Энергетика министрлігі өндіруші зауыттардың шығындарын ішінара өтеу мақсатында шекті көтерме бағаны тоннасына 33 600 теңге (19,7 теңге/литр) деңгейінде бекіту туралы бұйрық қабылдады, бұл сұйытылған мұнай газын (СМГ) өндірушілер мен өткізушілер арасында кірістерді әділ бөлуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ СМГ өндіру зауыттарын ынталандыруға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сұйытылған газдың бағаларын мемлекеттік реттеуді сақтап қалды және 2022 жылдың соңына дейінгі мерзімде сұйытылған газдың шекті бөлшек сауда бағаларын бекітті, оған сәйкес Атырау облысындағы сұйытылған газдың шекті бөлшек сауда бағасы 1 литр үшін 50 теңгені құрайды.

2021 жылы өңірде сұйытылған мұнай газын тұтыну шамамен 50 мың тоннаны құрады. 2022 жылдың 7 айында шамамен 36 мың тонна тұтынылды.

Ведомство басшысы Энергетика министрлігі ұзақ мерзімді баға тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып және бағаның алыпсатарлық өсуіне жол бермей, СМГ-ны облыстар бойынша бөлуді реинжинирингтеу бойынша шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.

Осындай шаралардың бірі өндірушілердің белгіленген бөлшек сауда бағаларын негізге ала отырып, сұйытылған мұнай газына шекті көтерме бағаларды айқындау жөніндегі қағидаларды әзірлеуі болады, бұл нарыққа қатысушылар арасында кірістерді әділ бөлуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ зауыттарды СМГ-ны өндіруге ынталандыруға мүмкіндік береді.

«ҚР БЭЖ батыс аймағының электр желісін күшейту» жобасын жүзеге асыру 

«Атырау қаласы мен Атырау облысын электр энергиясымен жабдықтауды негізінен Атырау ЖЭО мен «Karabatan Utility Solutions» ЖШС газ турбиналы электр станциясы жүзеге асырады», — деп хабарлады еліміздің энергетикалық ведомствосының басшысы Болат Ақшолақов.

Өңірде 2022 жылдың 7 айында 4,268 млрд кВтсағ электр энергиясы өндірілді, облыстың ішкі тұтыну көлемі – 3,9 млрд кВтсағ.

Атырау облысын алдағы жылыту маусымына сапалы және уақытылы дайындау мақсатында «Атырау ЖЭО» АҚ 3 қазандық агрегаты мен 2 турбоагрегатына, 13,2 км жылу желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.  

Бүгінде Батыс Қазақстан және Атырау облыстары өткізу қабілеті 100 МВт 220 кВ электр беру желісімен байланысқан. Осы желіні жөндеуге шығарған кезде Атырау және Маңғыстау облыстарының энергия жүйелерінің оқшауланған жұмысқа көшуі жүреді, бұл тұтынушылардың электрмен жабдықтау сенімділігіне теріс әсер етеді.

Аталған міндетті шешу үшін «ҚР БЭЖ Батыс аймағының электр желісін күшейту» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл Атырау облысының тұтынушыларын электрмен жабдықтаудың өткізу қабілеті мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жобаны аяқтау 2024 жылға жоспарланып отыр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу