Үкімет басшысы Қызылорда облысын дамыту бойынша басым міндеттерді белгіледі

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында өткен кеңесте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері талқыланды.

Облыстағы ағымдағы жағдай туралы өңір әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасады. Оның хабарлауынша, осы жылдың 11 айында негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсу қарқыны жоғары болды. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 8,5%-ға, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 29,5%-ға, ал инвестициялар тарту қарқыны 31,3%-ға ұлғайды. Облыста 28 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, 366 км автожол жөнделді және 604 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. 

Өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің өсу қарқыны туралы ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндады. Сондай-ақ кеңесте білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, жол инфрақұрылымы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларын, облысты электрмен, жылумен және газбен жабдықтау жүйелерін дамыту, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шаралар қаралды. 

Премьер-Министр ҚР Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша Іс-қимыл жоспарында өңірлік даму мәселелеріне, оның ішінде олардың дербестігін арттыруға және өңірлік диспропорцияны төмендетуге баса назар аударылғанын атап өтті. 

«Іс-шаралардың барлығы қазақстандықтардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталып отыр», — деді Әлихан Смайылов. 

Оның айтуынша, биыл бекітілген ұлттық жобалар аясында облыста 2026 жылға дейін 15 мыңнан астам оқушыға арналған жаңадан 21 мектеп, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге арналған 27 объект салынып, 4 аудандық аурухананы жаңғырту жоспарланған. Одан бөлек, ауылдық жерлерге келетін медицина мамандарын әлеуметтік қолдау мәселелері шешіледі. 

Премьер-Министр Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының үш жылдық Кешенді жоспарын іске асыру аяқталып қалғанын еске салды. Соның арқасында халықты газдандыру және сумен қамтамасыз ету деңгейі, тұрғын үй құрылысының қарқыны және басқа да негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер артты. Жалпы өңірлік өнім көлемі номиналды мәнде 279 млрд теңгеге өсті, облыс экономикасына шамамен 1,5 трлн теңге инвестиция тартылды. Бұл ретте жоспардың 25 іс-шарасы орындалмай қалды.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов өңір экономикасын әртараптандыруды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Биыл облыста жеке инвестициялар есебінен құны 6,5 млрд теңге болатын 7 жобаны аяқтау жоспарлануда. 1 трлн теңгеден астам сомаға тағы 60-қа жуық жоба іске асырылып жатыр.

«Облыс әкімдігі олардың барлығын уақытылы іске қосып, жоспарланған жобалардың сапалы пысықталуын қамтамасыз етуі қажет», — деді ол.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру, облыс тұрғындарын жылумен, электрмен және сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.

Премьер-Министр Солтүстік Арал теңізінің жағдайына ерекше назар аударды. Оның көлемі соңғы жылдары азайып барады. Осыған байланысты ол суару технологиялары мен кезектілігін ұстануды және коллекторлық-дренажды суларды қайта пайдалануды, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жалғастыруды, жерлердің мелиоративтік жағдайына мониторинг жасауды күшейтуді, каналдардың жөндеу жұмыстарын жүргізуді, суару желісінің магистральдық және шаруашылық арналарын тазартуды қамтамасыз етуді тапсырды.

Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов 2023 жылдың 1-ші тоқсанының аяғына дейін экологиялық төлемдерді ескере отырып, коммуналдық сектор кәсіпорындары қызметкерлерінің жалақысын арттыру бойынша шаралар қабылдауды, 2025 жылдың соңына дейін Қызылорда-Жезқазған автомобиль жолының жергілікті учаскелерін қайта жаңғырту бойынша жұмыстарды аяқтауды және облыстық жолдардың нормативтік жағдайын 95%-ға жеткізуді, кальцийлендірілген сода өндіретін зауыттың құрылыс жобасын одан әрі жүзеге асыру үшін инвестор тарту мәселесін пысықтауды, сондай-ақ «Қараөзек» су қоймасының құрылысын бастауға республикалық бюджеттен қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Бұл ретте Премьер-Министр газдың ресурстық базасының болуын ескере отырып, облыстың елді мекендерін газдандыруды жалғастыру және Қызылорда қаласында перинаталдық орталық салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді жеделдету қажеттігін атап өтті.

Облысқа жұмыс сапары аясында Әлихан Смайылов С. Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің және мүмкіндігі шектеулі балаларға мамандандырылған көмек көрсететін «Қамқорлық» оңалту орталығының жұмысымен танысты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу