Халық санағын өткізу үшін 91 сұрақтан тұратын 4 санақ парағы әзірленді — Н. Айдапкелов

2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда халық санағы басталады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов хабарлады.

Оның айтуынша, бүгінгі күнде барлық дайындық іс-шаралары өткізілді. Негізгі халық санағын өткізуге дайындық шеңберінде пилоттық халық санағы жүргізілді. Санақтың әдіснамалық құралдары мен нормативтік-құқықтық актілері әзірленді және бекітілді.

«2021 жылғы 1 маусым мен 30 маусым аралығында тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың мекенжайларын, сондай-ақ оларда тұратын халықтың нақты санын нақтылау бойынша санақтың далалық жұмыстары жүргізілді. Жаппай түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», — деді Н. Айдапкелов.

Санақ екі тәсілмен жүргізіледі: 

1 қыркүйектен 15 қазанға дейін sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтында интернет-сауал салуды жүргізу; 

1 қазаннан 30 қазанға дейін электрондық планшеттерді пайдаланумен интервьюерлер дәстүрлі жаппай сауал салуды жүргізеді. 

«Қосымша Aitu Messenger отандық мобильді қосымшасы арқылы санақтан өту мүмкіндігі берілетін болады. Бұдан басқа egov.kz электрондық Үкімет сайтының басты бетінде sanaq.gov.kz сілтеме бар, онда сілтеме бойынша өтіп, онлайн режимде санақ парақтарын толтыруға болады», — деді ол.

Сондай-ақ респонденттер Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, әкімдіктерде, пошта бөлімшелерінде, мектептер мен сауда орталықтарында орналасатын арнайы ұйымдастырылған нұсқаушылық учаскелерде санақтан өте алады. Қосымша ретінде деректердің қамтылуын және дұрыстығын тексеру мақсатында респонденттердің 10%-ын бақылап аралап өту болады.

Ұлттық статистика бюросының басшысы баяндағандай, тұрақты тұрғындар, еліміздің азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар санақтан өтеді. Сондай-ақ  қызметтік міндеттерін орындаумен байланысты шетелде жүрген біздің азаматтар, «Болашақ» бағдарламасы және студенттермен алмасу бағдарламасы бойынша оқитын студенттер,  шетелге демалысқа, емделуге немесе қонаққа кеткен туристер де санақтан өтеді. Қазақстан Республикасына  тұрақты тұруға келген немесе пана іздеген қоныс аударушылар, сондай-ақ 12 айдан аз,  уақытша елде жүрген шетелдіктер де санаққа алынады. 

Халық санағын өткізу үшін 91 сұрақтан тұратын 4 санақ парағы әзірленді. Үй шаруашылықтары тұратын адамдар саны, тұрғын үй жағдайлары туралы сұрақтарға жауап береді. Үй шаруашылығының әр мүшесі «Жеке» санақ парағының сұрақтарына жауап береді, ал шетелдіктер елде уақытша жүргендер үшін санақ парағының бланкісін толтыратын болады.

Халықтың көші-қоны, тіршілік қабілетін шектеу туралы жаңа сұрақтар енгізілді, оларды БҰҰ мүгедектік статистикасы жөніндегі Вашингтон тобы ұсынды.  Сондай-ақ, пандемияның табыс деңгейіне әсері, коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылық және халықты вакциналау туралы сұрақтар енгізілді. Жұмыспен қамту, тіл меңгеру, неке жағдайы және бала туу сұрақтары кеңейтілді.

Халық санағын жүргізу кезеңінде шифрланған деректерді санақтың орталық серверіне беру жүзеге асырылады:

1. желі болған жағдайда серверге тікелей планшет арқылы;

2. ұялы байланыс желісі нашар жерлерде ЖАО (ауылдық округтердің әкімдіктері) қосылған МО БКО арқылы офлайн режимде.

3. Бұдан басқа барлық аумақтық статистика органдары қосылған IP VPN бойынша деректерді жөнелту мүмкіндігі бар.

Санақ жүргізу кезінде азаматтардан алынатын барлық шифрланған ақпарат қорғалған байланыс арналары арқылы Ұлттық статистика бюросының орталық серверіне беріледі.

Онлайн санақтың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету шеңберінде резервтік алаң ұйымдастырылған. 

Халық санағын өткізу кезінде бүкіл ел бойынша 32 313 адам уақытша жұмысқа орналастырылады. Оның ішінде 6 178 адам ағымдағы жылғы 1-30 маусым аралығында өткен санақтың  1-кезеңіне тартылды. Халықтың негізгі санағына 26 135 санақ персоналы тартылады. Өңірлерде интервьюерлерді жинауды арнайы құрылған комиссия жүзеге асыратын болады. Вакциналанған интервьюерлер жұмысқа алынатын болады, олар үшін толық көлемде жеке қорғаныш құралдары сатып алынады.

2018-2023 жылдарға арналған ұлттық халық санағын қаржыландырудың қажетті көлемі 9,1 млрд теңгені құрайды, оның қазіргі уақытта 3,5 млрд теңгесі игерілді. 

Санақ барысын ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі медиа жоспарға сәйкес 2021 жылғы 17 мамырдан бастап бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халық арасында жаппай түсіндіру жұмыстары басталды. Ұлттық статистика бюросы жанынан баспасөз орталығы ашылды. «2021 жылғы ұлттық халық санағының» ресми өкілі тағайындалды, сондай-ақ, ҰСБ департаменттерінің баспасөз хатшылары тағайындалды.

Қазіргі уақытта бекітілген медиа жоспарға сәйкес республикалық, өңірлік БАҚ-та және танымал әлеуметтік желілерде 17 387 материал мен жарияланымдар орналастырылды. 

Онлайн режимде санақ жүргізу кезеңінде ұялы телефон нөмірлері үшін «88000800878» және стационарлық телефон нөмірлері үшін «1446» сall орталығын іске қосу көзделген. 

Барлық проблемалық мәселелер ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Ә. Смайылов басқаратын ұлттық санақты өткізу жөніндегі арнайы комиссияның отырыстарында шығарылды және қаралды. Оларды шешу үшін хаттамалық тапсырмалар берілді.

Алайда, сонымен бірге мынадай проблемалық мәселелерде көмек көрсетуді сұраймыз:

1. Санақ персоналын жалдау бойынша. Санақтың 2-кезеңінде 1-кезеңнің далалық жұмыстарына қарағанда, интервьюерлерді 4 есе көп алу қажет және осыған сәйкес ЖАО, ЕХӘҚМ жұмыссыздар және ҚР БҒМ студенттер қатарынан интервьюерлерді тарту бойынша жұмысын күшейтуі қажет;

2. Санақ персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

3. Халықты вакциналау, оның ішінде тартылатын санақ персоналын вакциналау;

4. МО БКО-ға қолжетімділігі бар үй-жайлармен қамтамасыз ету;

5. Халық санағын өткізу кезеңінде интервьюерлердің қоғамдық көлікте тегін жол жүруі жөніндегі мәселені шешу;

6. Халық санағын өткізудің мақсаты, әдістері мен тәртібі туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту.

 ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың айтуынша, санақ барлық елдерде өткізіледі. Биылғы жылдың өзінде әлемнің 61 елінде санақ жүргізу жоспарланған.

«Біз халық санағын БҰҰ жариялаған 2020 жылғы халық санағы мен тұрғын үй қорының Дүниежүзілік раунды аясында өткіземіз. Білім беру, көші-қон, табыс, жұмыспен қамту, неке жағдайы, бала туу, бала тууды жоспарлау, тілдерді меңгеру дәрежесі, дінге көзқарас және адамның тыныс-тіршілігін шектейтін факторлардың болуы сияқты мәселелер бойынша толық ақпаратты алуға тек жаппай санақ қана мүмкіндік береді. Бұндай деректер мемлекеттік базаларда жоқ», — деді Ә. Смайылов.

Ол цифрлық технологиялардың енгізілуіне, процесті автоматтандыруға және қағаз тасымалдағыштардың орнына планшеттерді қолдануға байланысты санақ 2009 жылғы санақтың шығындарына қарағанда 2,6 есе арзан екенін атап өтті. Бұл ретте деректердің сапасы мен ақпаратты жинау жеделдігі айтарлықтай жақсарады. Санақ аяқталған соң планшеттер мектептер мен ауруханаларға берілетін болады.

Санақ жүргізу – бүкіл қоғамның қатысуын талап ететін ауқымды іс-шара. Бұл іс-шараға халықтың түсіністікпен қарағаны қажет. Сонымен бірге, талдау кейбір өңірлерде, атап айтқанда Маңғыстау облысында, Шымкент қаласында, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында дайындық жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмей жатқанын көрсетеді. 

«Осыған байланысты барлық жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдар Іс-шаралар жоспарын қатаң ұстануы және белгіленген мерзімдерде ұлттық халық санағының сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуі қажет», — деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов. 

Ақтөбе облысында Жалпыұлттық халық санағын сапалы өткізу мақсатында, өңірлік арнайы комиссия құрылды. Бүгінде іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалин баяндады. 

Оның айтуынша, бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша интервьюерлер елді мекендерді аралап, тұрғын үйлердің, ғимараттар мен тұрғын емес үй-жайлардың тізімін жасады. Нәтижесінде жоспар толығымен орындалып, 270 мыңнан астам нысан тіркелді. Бүгінде халық санағының екінші кезеңіне дайындық жұмыстары жүргізілуде.

«Интервьюерлерді жұмыс барысында кеңсемен қамтамасыз ету мақсатында, облыстың барлық аудандары мен Ақтөбе қаласында 30 үй-жай бекітілді. Олар қажетті материалдық-техникалық жарақтандырумен қамтамасыз етілген. Жалпы, жоспар бойынша санақты жүргізу үшін облыс бойынша 155 нұсқаушы-бақылаушы мен 1084 интервьюер қажет. Бүгінгі күні, жұмысқа орналасуға ниет білдірген азаматтармен  әңгімелесу жүргізілуде», — деді әкім.

Сонымен бірге, әкімдікпен волонтерлер және студенттерді интервьюер ретінде тарту жұмыстары қарастырылуда. Сондай-ақ, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында санақ қызметкерлері вакцина алғандар арасынан іріктелетін болады.

Жалпыұлттық халық санағы науқанын медиа сүйемелдеу бойынша облыстық телеарналарда, бұқаралақ ақпарат құралдарында бейнероликтер көрсетілуде және халық арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде, санақ персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті полиция қызметкерлері бөлінетін болады.

«Өңірде Жалпыұлттық халық санағы науқанын сапалы өткізу мәселесі бақылауда, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады», — деп түйіндеді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халық санағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген халықтың ұлттық санағын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізіліп жатқанын хабарлады. Атап айтқанда, санақтың 1-кезеңіне 29 нұсқаушы-бақылаушы және 198 интервьюер тартылып, барлық елді мекендерді аралап, тұрғын үйлердің, адам тұруы мүмкін ғимараттар мен тұрғын емес үй-жайлардың тізімі жасақталған .

Санақтың 1 кезеңінің қорытындысы бойынша Шымкент қаласының халық саны 1 002 720 адамды құрады. А.ж. 1 маусымындағы статистикалық мәліметтерге сәйкес 90 464 адамға жетпеді. 

«Бұл жаз айында демалысқа байланысты болды, қазіргі жағдайда, барлық жоғары және орта оқу орындары оқудың дәстүрлі түріне ауысуына байланысты студенттер қалаға оралып, халық санының статитикасына жетуді жоспарлап отырмыз», — деді М. Әйтенов.

Санақтың 2 кезеңіне 186 нұсқаушы-бақылаушы және 1 304 интервьюер тартылады. Қаладағы жылжымайтын мүлік объектілері және олардың мекенжайлары бойынша жаңартылған карта әзірленіп, планшет түрінде статистика органдарына ұсынылды. Сонымен қатар, санақ персоналын үй-жайлармен қамтамасыз ету бойынша 155 нұсқаушылық учаске белгіленіп, олар жиһазбен, құралдармен, телефон байланысы және интернетпен жабдықталды.

«Халықты барынша ұлттық халық санағының мәні мен маңыздылығы туралы үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында 50 билборд пен 4 тартпа орнатылды. Қала аумағында адам көп шоғырланатын жерлерге  қоғамдық көліктерге жалпы 2 500 дана ақпараттық парақшалар ілінді.  Республикалық бюро әзірлеген бейнероликтер әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпараттық құралдарында, жергілікті 4 телеарнада шығарылып жатыр», — деді әкім.

Сонымен қатар, қаланың ірі кәсіпорындарында, сауда орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, Кәсіпкерлер палатасы ғимаратында, халық көп шоғырланатын жерлерге 100-ге жуық онлайн өту бұрыштары дайындалды.

Әкімнің айтуынша, санақ персоналына қала аумағына кейін қосылған елді мекендерге қатынау үшін 14 жеңіл автокөлік ұйымдастырылуда. Қаладағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, санақ персоналдары коронавирусқа қарсы вакциналаудан өтуде және санитарлық талаптар сақталуда. Санақ персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласындағы учаскелік полиция қызметкерлерімен профилактикалық және ұйымдастыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу