2025 жылға дейін Қазақстанда 2,6 млн жаңа жұмыс орны құрылады — Р. Дәленов

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов ел экономикасындағы жоспарлы құрылымдық қайта құрулардың кәсіпкерліктің дамуына және еңбек нарығына әсері туралы баяндады. Оның айтуынша, еңбек нарығына цифрландыру және ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуы әсер етеді, бұл еңбек өнімділігінің өсуіне ықпал етеді. Жалпы, технологияларды дамыту жұмыс орындарының қысқаруына әсер етеді. Сонымен бірге, өндірістерге қызмет көрсету саласында жаңа жұмыс орындары құрылатын болады.

«Біліктілігі жоғары жұмыс күшіне сұраныс өсуде. Біліктілігі төмен жұмыс орындары қысқаруда. Бұл әмбебап дағдыларды дамытудың қажеттілігіне алып келеді. Қазіргі уақытта жұмыспен қамтудың фриланс, краудворкинг және т.б. сияқты қашықтықтан және толық емес нысандарының артуы байқалады. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, 2020 жылдан бастап фрилансерлер әлемдегі барлық жұмыс күшінің елеулі бөлігін құрайтын болады», — деді Р. Дәленов.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, еңбек нарығына демографиялық өзгерістер де әсер етеді. Бұл орта жастың ұзаруы салдарынан еңбек ету жылдары ұзақтығының артуы.

«Жаһандық трендтер Қазақстан үшін де сәйкес келеді. Бұдан басқа, жергілікті еңбек нарығына жылына 5% деңгейінде ЖІӨ-нің жаңа сапалы өсуі және одан жоғары деңгейде көшу әсер ететін болады», — деді министр. 

Көптеген инвестициялық жобаларды іске асыру экономиканың басым салаларында сапалы жұмыс орындарына сұранысты арттырады. Шағын және орта бизнестің рөлін күшейту, оның үлесі ЖІӨ-нің 35%-ға дейін өседі, еңбек нарығы икемділігінің артуы.

«Бүгінгі таңда 41,6 трлн теңгеге инвестициялық жобалар пулы құрылды. Осы пулға сүйене отырып, жаңа дайындалған кадрларға сұраныс 2025 жылға дейін 1,3 млн адам деңгейінде бағаланады. Жұмыс орындарының ең көп саны туризм, көлік, АӨК, сауда және АКТ салаларында жоспарлануда. Бұл білікті кадрларды көптеп дайындауды талап ететін болады», — деді Р. Дәленов. 

2019-2025 жылдар аралығында 2,6 млн жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде, жартысы 41,6 трлн теңгеге қалыптастырылған жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен құрылатын болады.

2,6 млн жаңа жұмыс орнының 600 мың адамы жұмыс күшінің таза өсуі, 2 млн адам – экономика салаларында жұмыс күшінің ағыны.

Жұмыспен қамтылған халық саны 2018 жылғы 8,7 млн адамнан 2025 жылға қарай 9,3 млн адамға дейін өседі.

Р. Дәленов сонымен бірге еңбек нарығының құрылымында сапалы өзгерістер болатынын атап өтті. Мәселен, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың үлесі 7,5%-ға азаяды, АӨК, ОЭК және өңдеу өнеркәсібінде ірі инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен экономиканың нақты секторында жұмыспен қамтылғандардың үлесі 3%-ға өседі. Туризм үлесі және қызмет көрсету саласы 2%-ға өседі.

Ұлттық экономика министрі еңбек нарығын сыртқы және ішкі сын-қатерлерге бейімдеу үшін жағдайлар жасау мақсатында жаңа жұмыс орындарын ашу, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруды ескере отырып, кадрларды сапалы даярлауды қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру бойынша индикаторларды белгілей отырып, электрондық еңбек биржасын, халықты жұмыспен қамту орталықтарын одан әрі дамыту жөніндегі шараларды, сондай-ақ жеке жұмыспен қамту агенттіктерін тарту жөніндегі шараларды қабылдау қажет екенін атап өтті.

«Жалпы, 2025 жылға дейінгі кезеңде экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету үшін инвестициялардың жаңа толқыны тартылатын болады, жаңа өндірістер ұйымдастырылады және 2,6 млн жаңа жұмыс орны құрылады», — деп түйіндеді Р. Дәленов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу