Е. Біртанов: коронавирусқа қатысты тек ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сүйенген жөн

ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазақстандықтарды коронавирусты жұқтыруға қатысты ғаламторда тарап кеткен жалған мәліметтерге сенбеуге шақырды және  тек Денсаулық сақтау министрлігінің ресми ақпаратына сүйену қажеттігін айтты.

«Интернетте, әлеуметтік желілерде коронавирусқа байланысты шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат көп. Біздің айтатынымыз, тек қана Денсаулық сақтау министрлігі мен Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау комитетінің ақпаратына сүйену қажет. Себебі, біздің ақпаратымыз дүниежүзілік медицина ұйымының ақпаратына негізделген», — деді Е. Біртанов.

Оның айтуынша, мысалы, Қытайдан әкелініп жатқан жемістерден аурудың таралып, көп адамның науқасты жұқтырып жатқаны жайлы жалған ақпараттар жарық көрген. Денсаулық сақтау министрлігі ондай сайттарды тексеріп, фейк екенін анықтаған.

«Осындай мәселені болдырмау үшін біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 1406 нөмірі арқылы қызмет көрсетеміз. Қазір call-орталықта біздің инфекционист дәрігерлеріміз әр азаматқа барлық қажетті ақпаратты  беруге дайын», — деп нақтылады министр.

Сондай-ақ соңғы екі аптада немесе тіпті одан бұрын Қытай мемлекетінен келген, денсаулық жағдайына алаңдаушылық білдірген азаматтар жергілікті емханаға хабарласып, дәрігерлердің тексеруінен өте алады. Қажетті сұрақтар бойынша жергілікті дәрігерлердің оларға толық ақпарат беруге мүмкіндігі бар.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, қазіргі кезде ҚХР-дағы 30 провинцияда 4515 короновирусты пневмониямен сырқаттану оқиғасы тіркелген, оның ішінде 106 науқас көз жұмған. Жалпы, әлем бойынша 15 елден 80 науқас тіркелген. Олардың ең көбі Гонконгта - 8 науқас, Тайландта - 7 науқас, сондай-ақ басқа да мемлекеттерден - Франция, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ-тан науқастар тіркелген.

«Бұл мәселе халықаралық ұйымдардың жіті бақылауында. 2020 жылы 22-23 қаңтарда Женева қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше комитетінің шұғыл отырысы болды. Оның шешімі бойынша Қытайдағы жағдай халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп танылды. Қазіргі кезде ДДСҰ басшысы Тедрос Гебреисус Қытайда жүр, осы сапардың нәтижесі бойынша біз қосымша ақпарат күтіп отырмыз», — деді сала басшысы.

Сонымен қатар Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі АҚШ-тың аурулардың алдын алу және бақылау орталығы Centers for Disease Control and Prevention (CDC) мамандарымен және Қытайдың, Ресейдің денсаулық сақтау министрліктерімен осы бағытта бірлескен жұмыстар жүргізуде.

Бұдан өзге, Елжан Біртанов ҚХР-да білім алып жатқан қазақстандық студенттер елге келген жағдайда қабылданатын шаралар туралы айтып берді.

«Қытайдағы студенттерді әкелетін болсақ, ондай жағдайда бізде санитариялық нормалармен бекітілген, қолданылатын тәртіп бар. Біріншіден, ұшақ қонған соң арнайы санитариялық тұраққа жеткізіледі. Сол жерде мамандар барлық жолаушылардың денсаулығын тексеріп, шешім қабылдайды. Ухань қаласынан келетін қазақстандық азаматтар үшін арнайы стационарлық корпус бөліп отырмыз. Барлық жолаушыларға екі аптаның ішінде карантин жүргізуге мүмкіндігіміз бар», — деп түйіндеді денсаулық сақтау министрі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу