Е. Қарашөкеев: Жем-шөп базасының жеткіліксіздігі — мал шаруашылығының дамуын тежейтін басты фактор

Мал шаруашылығы – еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің басты салаларының бірі. Бүгін, 17 мамырда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы саланы дамыту мәселесі талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы Е. Қарашөкеевтің айтуынша, мал шаруашылығының үлесіне ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 42,1%-ға жуығы тиесілі, ал экспортта мал шаруашылығы өнімінің үлесі 4%-ды құрайды.

«Мал шаруашылығы жалпы ауыл шаруашылығының салыстырмалы түрде тұрақты дамып келе жатқан саласы ретінде сипатталатынын айта кеткен жөн. Бұған мал мен құс санының тұрақты өсу қарқыны, олардың сапалық көрсеткіштерінің жақсаруы, жануарлардың өнімділігінің артуы, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемінің ұлғаюы дәлел бола алады», — деді ол.

Мұның барлығына көлемі жылдан жылға тұрақты қарқынмен артып келе жатқан мемлекеттік қолдау шараларының арқасында қол жеткізілді. Бұл бүгінгі таңда саланың инвестициялық тартымды болуына әкелгенін айта кеткен жөн.

Өткен жылдың өзінде ғана мал шаруашылығында жалпы сомасы 70 млрд теңгеге жуық 53 инвестициялық жоба іске асырылды. Мысалы, сүтті мал шаруашылығында импортты алмастыру міндетіне сәйкес 2021 жылы қуаты 57 мың тонна болатын 35 сүт-тауар фермасы іске қосылды. 2021 жылы пайдалануға берілген 35 СТФ-ның 10 жобасы СҚО-да құрылды, бұл басқа өңірлер үшін мал шаруашылығына инвестициялар тартудың жарқын мысалы.

Ал биыл жалпы сомасы 100 млрд теңгеден асатын, 2,8 мың жұмыс орнын құрумен 62 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Соңғы жылдары мал шаруашылығының генетикалық әлеуеті айтарлықтай өсті. Мемлекеттік қолдау шараларын күшейту есебінен асыл тұқымды малдың барлық түрі бойынша үлес салмағы өсті. Мысалы, асыл тұқымды ІҚМ үлес салмағы ІҚМ жалпы басына шаққанда 7%-дан 13%-ға дейін өсті. 

Сондай-ақ селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстармен айналысатын фермерлік шаруашылықтардың саны 2021 жылы 6 мыңнан 30 мыңға дейін ұлғайды. Дегенмен, мал шаруашылығы саласының даму қарқыны еліміздің қолда бар әлеуетті мүмкіндіктеріне сәйкес келмейді. Мал шаруашылығы өнімдерінің бірқатар түрі бойынша импортқа тәуелділік сақталып отыр. Атап айтқанда, құс еті, ет және сүт өнімдерін терең өңдеу бойынша, қолда бар мүмкіндіктер тек өңірлік қана емес, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерін әлемдік экспорттаушылардың арасында болуға мүмкіндік береді. Талдау көрсеткендей, мал шаруашылығын жедел дамыту мен оның өнімділігін арттырудың басты тежеуші факторы – жем-шөп базасының жеткіліксіздігі.

«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бүгінгі таңда ірі азықпен қамтамасыз ету 80%-ды, шырынды азықпен 40%-ды, құнарлы азықпен қамтамасыз ету 50%-ды құрайды. Дегенмен, мал шаруашылығын тұрақты дамыту үшін толық қамтамасыз етумен қатар, азықтың сақтандыру қоры да болуы тиіс», — деді ҚР АШМ басшысы.

Сонымен қатар тиісті абаттандыру жұмыстарын жүргізбей, қарқынды пайдалану салдарынан жайылымдық алқаптар өнімділігінің нашарлау проблемалары бар.

Мал азығы базасының проблемасын шешу мақсатында өткен жылы Министрлік Жем-шөп өндірісі саласын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасын әзірледі. Алайда, жергілікті жерлерде онда көрсетілген іс-шараларды жүзеге асыру бойынша әлі де жүйелі жұмыс жоқ, мал шаруашылығын жем-шөп базасын есепке алмай дамыту процесі жалғасуда.

Бұдан басқа, мал шаруашылығын мемлекеттік қолдаудағы қазіргі мәселелер, атап айтқанда, шаруашылықтарға мал бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындарына ет контингентін жеткізу бойынша міндеттемелер мен мотивацияның болмауы, субсидиялаудың жоғары сыбайлас жемқорлық сипатқа ие селекциялық-асыл тұқымдық жұмысқа шамадан тыс шоғырлануы, мал бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындарының жартылай жүктелуіне алып келді. Соның нәтижесінде жоғары технологиялық өнеркәсіптік бордақылау мен мал союдың орнына қосымша құн мен мал шаруашылығынан түсетін салық түсімдерінің тиісті шығындарымен, жергілікті жерлердегі эпизоотиялық ахуалдың нашарлауымен аулалық бордақылау мен мал сою дами бастады.

Тағы бір мәселе – мамандардың тапшылығы. Қазіргі уақытта жергілікті жерлерде ветеринарлардан басқа, зоотехник-технологтар мен зоотехник-селекционерлердің жетіспеушілігі байқалады. Әсіресе, өндірістік құс шаруашылығында кадрлық қамтамасыз ету бойынша күрделі жағдай байқалады. Сонымен қатар жас мамандарды жергілікті жерлерде қалдыру мәселесі бар. Қазіргі уақытта мал шаруашылығына ветеринарлық қызмет көрсетуді жақсарту шаралары қабылдануда.

Орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері арасында өкілеттіктерді бөлу, ветеринариялық қызметті өзіне тән емес функциялардан босату, ауылдық округтердің ветеринариялық дәрігерлеріне қосымша өкілеттіктер беру, сондай-ақ ветеринария саласын цифрландыру бойынша ұсыныстар әзірленді. Қазіргі уақытта мал шаруашылығы саласындағы жағдайды өзгерту және оның даму тұрақтылығын арттыру мақсатында Министрлік нақты шаралар қабылдауда. Бұл шаралардың барлығы «Ветеринария туралы» заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы заңнамалық деңгейде нығайтылатын болады. Заң жобасы биыл Парламентке енгізіледі. Алдағы уақытта мемлекеттік монополиядан барынша бас тарту және сол арқылы ветеринария саласына жеке инвестициялардың келуіне жол ашу көзделген.

Мал шаруашылығын дамытудың тұрақтылығы мен орнықтылығын арттыру үшін мынадай шаралар қабылданады:

Бірінші. Жем-шөп өндірісін дамыту жөніндегі жол картасында көзделген барлық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету. Мал шаруашылығы бойынша субсидия алушылар үшін субсидиялау тетігін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар шеңберінде жем-шөп өндірісі бойынша қуаттардың және ауыспалы егісте жем-шөп алқабының болуы бойынша міндетті талаптар енгізілетін болады. Министрлікте кепілдендірілген мал азығы базасы болмаса, жұмыс істейтін мал шаруашылығы субъектілерін мемлекеттік қолдау орынсыз деп санайды.

Екінші. Бақылаушы органдардың ұсынымдарына сәйкес субсидиялаудың қазіргі көптеген бағыттары жүйелендіріледі және оңтайландырылады. Бұл ретте ғылыми негізделген нормаларды ескере отырып, субсидиялау нормативтері қайта қаралады.

Үшінші. Мал шаруашылығын білікті мамандармен, ең алдымен ветеринарлармен және зоотехниктермен кадрлық қамтамасыз етуге назар аудару қажет. 

«Бұл жерде әңгіме жоғары білімі бар мамандар туралы ғана емес, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын колледждер даярлайтын орта буын мамандары туралы да болып отыр. Сондай-ақ “Дипломмен ауылға” бағдарламасын күшейту және кеңейту арқылы ауылдық жерлерде кадрларды бекіту мәселесін шешу, оның нормаларын орта буын мамандарына да тарату міндеті тұр», — деді Е. Қарашөкеев.

Төртінші. Ветеринария жүйесін реформалау есебінен мал шаруашылығына ветеринарлық қызмет көрсету сапасын арттыру.

Министрліктің мал шаруашылығын дамытудағы және оның тұрақтылығын арттырудағы негізгі тәсілдері осындай.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов бүгінгі таңда ірі қара мал 463,3 мың басты құрайтынын айтты. Жылқы 147,7 мың басты, шошқа 146,1 мың басты, қой мен ешкі 494,2 мың басты, құс 4,1 млн басты құрайды.

«Ішкі нарық қажеттілігі үшін өнім өндірісін ұлғайту, экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында етті мал шаруашылығында 3 жоба іске қосылды, 10 мың ірі қара малға арналған бордақылау алаңын енгізу жоспарда бар», — деді өңір басшысы.

Мысалы, өткен жылы іске қосылған «БифЭкспортГрупп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет өңдеу кешені – республикадағы ең ірі кәсіпорындардың бірі. Оның қуаты жылына 20 мың тонна етті, инвестиция сомасы 7,2 млрд теңгені құрады, 184 жұмыс орны ашылды. Шығарылатын өнімнің шамамен 50%-ы Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, орта Азия елдеріне экспортқа бағытталған.

Барлық 4 жобаны енгізу ет өндірісін жылына 109 мың тоннадан 120 мың тоннаға дейін немесе 10%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

Ет бағытындағы құс шаруашылығы саласында 4 ірі жоба іске асырылуда. Оның ішінде қазір «Poultry Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құс фабрикасы жұмыс істеп тұр, бройлер етінің өндірісін 2021 жылғы 3,5 мың тоннадан 2023 жылы 12,5 мың тоннаға дейін ұлғайтпақ. Сондай-ақ аталған кәсіпорында жылына 8,5 млн бас құс балапанын шығару бойынша құны 2,5 млрд теңге тұратын асыл тұқымды репродуктор құруға бастамашылық жасалды.

Сондай-ақ облыста бройлер етін шығаратын тағы бір ірі өндіріс – «Қарқын Құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылуда, қуаты – жылына 10 мың тонна.

Құс шаруашылығы саласындағы жобаларды іске қосу құс етін өндіруді жылына 8,6 мың тоннадан 24 мың тоннаға дейін немесе 2,8 есе арттыруға мүмкіндік береді. Облыс халқының қажеттілігі толық көлемінде қамтамасыз етілетін болады.

Сүтті мал шаруашылығында 11,4 мың бас ірі қара малға арналған 8 тауарлы-сүт фермасын салу бойынша «Олжа Агро» агрохолдингі іске асыратын жобалар неғұрлым маңызды болып табылады. Құны – 70 млрд теңге. Бұл тауарлы-сүт фермалары ірімшік комбинатын құру жобасы үшін шикізат базасы болып табылады.

Қосымша 5,3 млрд теңге сомасына жалпы саны 1900 бас болатын тағы 4 тауарлы-сүт фермасы іске асырылуда. Осы жобаларды жүзеге асыру сүт өндіру көлемін жылына 435 мың тоннадан 526 мың тоннаға дейін немесе 21%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Қайта өңдеу саласында ірімшік комбинатын, сары май-тоң майы кешенін және құрама жем зауытын салу бойынша аса маңызды жобалар бар. Жобаларды іске асыру кезеңі – 2025 жылға дейін. Бастамашысы – «Олжа Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, инвестициялардың жалпы сомасы – 41,1 млрд теңге.

«Милх» ЖШС қуаты тәулігіне 250 тонна ірімшік өндіретін жаңа цех құруды жоспарлап отыр. Бұл сүт саласында танымал бренді бар кәсіпорын. Кәсіпорын жобаға шамамен 7,5 млрд теңге инвестиция құюға ниетті.

Облыстың қайта өңдеу кәсіпорындары осы жылдың бірінші тоқсанында 83,5 млрд теңгеге барлық өнім түрлерін өндірді, бұл өткен жылдың деңгейінен 32%-ға артық. 2021 жылы $260 млн сомасына ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Облыс Қазақстан бойынша екінші орында тұр.

Биыл облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері шамамен 1000 бас өнімділігі жоғары ірі қара мал басын импорттауды және 6000 бас ұсақ мүйізді мал сатып алуды жоспарлап отыр. 29,2 мың ірі қара мал басы аналық мал басын тұқымдық қайта түрлендіруге қатысады, қатысу үлесі – 13.2%, бұқалармен қамтамасыз ету 41% құрайды.

«Мал қыстату кезеңі ойдағыдай өтті, жем-шөптің дайындалған көлемі ауыл шаруашылығы малдарын қамтамасыз етуге жеткілікті болды», — деді А. Мұхамбетов. 

Алдағы мал қыстату кезеңіне жем-шөпке қажеттілік: шөп – 1,1 млн тонна, пішендеме – 233 мың тонна, сүрлем – 261 мың тонна, сабан – 874 мың тонна, құнарлы жем – 552 мың тонна құрайды.

Биыл жем-шөп дақылдарының алқабы 550 мың гектарды құрайды. Бұл қолда бар мал басы мен құстың жем-шөпке қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында мал шаруашылығы саласын дамыту туралы өңір әкімі Құмар Ақсақалов баяндады.

2018 жылдан бастап облыста сүтті мал шаруашылығы белсенді дамып келеді. Салаға салынған инвестиция 1,5-2 жылдан кейін нәтиже беретінін ескерсек, соңғы 3 жылға талдау жасаған жөн. Мәселен, аграрлық саладағы жалпы өнім көлемі 1,5 есеге өсіп, былтыр 895 млрд теңгені құрады. Биыл аталмыш көрсеткішті 1 трлн теңгеге жеткізу көзделген.

«Бұл нәтижеге қол жеткізуге салаға инвестиция тарту септігін тигізеді. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласына тартылған жеке инвестиция көлемі 25%-ға өсті, бұл қосымша 161 млрд теңге. Биыл 180 млрд теңге тарту жоспарлануда», — деді ол.

Еңбек өнімділігі соңғы 3 жылда бір жұмысшыға 3,5 миллион теңгеден 5,3 миллион теңгеге дейін өсті немесе жалпы 1,5 есеге.

Солтүстік Қазақстан облысында мал шаруашылығының дамуы оң динамика көрсетіп, жалпы өнім көлемінің өсуіне, ауыл шаруашылығына инвестиция тартуға және еңбек өнімділігінің өсуіне әсер етуде.

Сүт өнеркәсібі дамып келеді. Соңғы 4 жылда облыста 22 сүт фермасы ашылды. Биыл тағы 11 нысан салынуда. 

Жыл сайын кем дегенде 10 жаңа кешен іске қосылмақ. Осылайша, 5 жылда 2 мыңнан астам ауыл тұрғыны жыл бойы жұмыспен қамтылады.

4 жылда ұйымдасқан шаруашылықтарда сүт өндірісі 174 мыңнан 227 мың тоннаға дейін немесе 30%-ға өсті. Қайта өңделген сүт көлемі 2017 жылғы 221 мыңнан 2021 жылы 347 мың тоннаға дейін ұлғайды. Өсім 57%-ды құрады.

«Қазіргі ахуал сүтті мал шаруашылығын дамыту тәсілдерін түбегейлі қайта қарауды талап етеді. Бүгінде шетелден генетикалық әлеуеті жоғары мал сатып алу үшін әр басқа 2200-2400 евро жұмсаймыз. Шетелдік валюталардың тез құбылуы, логистиканың бұзылуы мал бағасының өсуіне әкеледі. Бұл шығындарды одан сайын көбейтуде. Сондықтан елімізде генетикалық потенциалды дамыту мәселесін қолға алған жөн», — деді Қ. Ақсақалов.

Сүтті мал шаруашылығымен бірге ет саласы да дамып келеді. 13 мың басқа арналған екі мал бордақылау алаңы және қуаты 6 мың тонна ет өндіретін 2 құс фабрикасы салынуда. 

Биыл «ЕМС-Агро» шошқа фермасын 200 мың тоннаға дейін кеңейту және ет өндіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жобасы жалғасады. 

Соңғы 5 жылда облыстағы сүт зауыттары дайын сүт өнімдерін өндіру көлемін 52%-ға өсіріп, былтыр 216,5 мың тоннаға дейін жеткізді. Бұл елімізде өндірілген жалпы көлемнің төрттен бірін құрап отыр. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу