Е. Тоғжанов COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысы өтті.

ВАК отырысының қорытындысы бойынша келесі шешімдер қабылданды:

1. 7 күн бойы «жасыл аймақта» тұрған өңірлерде үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап рұқсат етіледі:

  • цирктердің, бильярд клубтарының, балалар ойын-сауық орталықтарының жұмыс істеуіне – толымдылығы 30%-ға дейін;
  • спорттық іс-шараларды өткізуге (30%-ға дейін), жұма намазын оқуға (30%-ға дейін) және ас беру рәсімін өткізуге (30%-ға дейін, 50 адамнан артық емес).

2. 7 күн бойы «сары аймақта» болған өңірлерде үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап жабық базарлардың (азық-түлік, азық-түлік емес), сауда және ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің жексенбі күндері жұмыс істеуіне рұқсат етіледі.

3. Мониторингтік тексеру қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылу фактілерінің көп мөлшері тіркелген Маңғыстау, Қостанай және Жамбыл облыстарын қоспағанда, барлық облыстарда үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап 1-5 сыныптардың, халықаралық мектептерде 1-7 сыныптардың оқушыларын аралас оқытуға рұқсат етіледі.

Сондай-ақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Түркиямен (қосымша 4 рейс), Өзбекстанмен (+4 рейс), Қырғызстанмен (+2 рейс) және Украинамен (+1 рейс) халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру туралы ұсынысы комиссияның қолдауына ие болды.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой биологиялық қауіпсіздік туралы заң жобасын әзірлеу барысын баяндады.

Өз кезегінде вице-премьер Е. Тоғжанов аталған заң жобасы бойынша барлық жұмылдырылған мемлекеттік органдармен келісу жұмыстарын және бюджеттік есептерді енгізуде бұған дейін бекітілген мерзімдерді ұстану қажеттігін атап өтті.



 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу