ҚР АШМ Үкіметтің жекдуадақты аулауға рұқсат беру жөніндегі қаулысын түсіндірді

21 қазан 2016, 15:07
Фото: mgov.kz

Биыл ҚР Үкіметі қаулысымен 174 дарақ жекдуадақты ғана алуға рұқсат берілген. Сонымен қатар, рұқсат БАӘ мен Катардың белгілі бір тұлғаларына ғана беріледі және бір құс олжалау үшін 265 АЭК көлемінде төлем бекітілген (1 АЭК 2 121 теңгеге тең).

Айта кетер болсақ, Парсы шығанағының елдері ұзақ мерзімді ынтымақтастық және жекдуадақты дәстүрлі ұлттық қыран құстар салып аулау туралы келісімдерге қол қою жолымен жекдуадақты қорғау және өсімін молайту бойынша іс-шараларды қаржыландыруға бастамашылық білдірді.

Ынтымақтастық туралы келісімдердің шеңберінде араб инвестицияларының есебінен Оңтүстік Қазақстан облысында кейіннен Қазақстан аумағында табиғи мекендеу ортасына жіберілетін жекдуадақты жасанды жолмен өсіріп-көбейту орталығы салынды және ол ойдағыдай жұмыс істеуде. Орталық жыл сайын 5 мың дарақ құс өсіреді.

Міндеттемелерді орындау шеңберінде араб тарапы 2009-2016 жылдар аралығында Қазақстан табиғатына 7 555 дарақ жекдуадақ жіберді. Сонымен бірге, Орталық қызметінің нәтижесінде 200-ге жуық жергілікті тұрғын жұмысқа орналастырылды.

Тиісінше, араб тарапы аталған құстарды өсіруде және табиғатқа кең көлемде жіберуде. Ал ҚР Үкіметі олардың азғандай ғана бөлігін аулауға рұқсат береді.

ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жыл сайын жан-жануарлар дүниесінің есебін жүргізеді. Өз кезегінде, үстіміздегі жылғы есепке алудың қорытындылары бойынша Қазақстан табиғатында 9 500-ден астам жекдуадақ бар. Бұл орайда биыл Үкімет қаулысымен рұқсат етілген аулау шараларының жекдуадақ дарақтарының табиғатта өсіп-көбеюіне зиян келтірмейтінін атап өту керек.

Міндеттемелер шеңберінде араб тарапы жекдуадақ мекендейтін жерлерді қорғау үшін 78 инспектордан тұратын жануарлар дүниесін қорғау қызметін құрған. Олар нысандық киіммен, жол талғамайтын автокөлікпен, байланыс құралдарымен, GPS, фото және бейне түсіру аппаратурасымен қамтамасыз етілген.

Сонымен бірге, араб тарапының қаражаты есебінен «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК үшін 2014-2016 жылдар аралығында 81 бірлік техника, оның ішінде 62 жол талғамайтын көлік, 9 КамАЗ базасындағы кунг, 10 ыңғайлы вагон-үйлер, сондай-ақ, МИ-2 тікұшағы сатып алынды.