2016 жылы 480 ауылдың жерасты суларын іздеу-барлау жұмыстары аяқталатын болады

18 қазан 2016, 10:41

ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысы барысында еліміздің елді мекендерін сумен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

Ж. Қасымбек іздеу-барлау жұмыстары елді мекендерді жерасты сулары қорларымен қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатқанын хабарлады.  2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы аясында 576 ауылға іздеу-барлау жұмыстары жүргізілді.

«2012-2015 жылдары 1 301 ауылға іздеу-барлау жұмыстары жүргізілді, сонымен қатар пайдалану мерзімінің аяқталуына байланысты 105 су көзіне қорлар қайта бекітілді. 2016 жылы 480 ауыл жұмыстары аяқталып, 35 су көзінің қорлары қайта бекітіледі. Жергілікті атқарушы органдар жұмыстарды аяқтаған соң Инвестициялар және даму министрлігіне жерасты суларының қорларын бекіту үшін есеп беретін болады. 2017 жылдан бастап іздеу-барлау жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражат жалпы сипаттағы трансферт түрінде тікелей жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі», - деді министр.