ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев экономиканы цифрландыру жөнінде кеңес өткізді

25 шілде 2017, 17:50
Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен экономика салаларын цифрландыру мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Қатысушылар кездесу барысында медицина, білім беру және энергетика салаларына инновациялар енгізу, сонымен қатар көлік жүйесін жаңғырту мәселелерін талқылады. Бұдан өзге, Астана, Алматы және Ақтөбе қалаларында «Smart-city» жүйелерін құру мәселелері қаралды. Олар жедел қызмет және құқық қорғау органдарының іс-қимылдарының тиімділігін арттыруға, қаланың стратегиялық маңызды нысандарының қорғалу деңгейін күшейтуге, сондай-ақ, өмір сүру жайлылығын арттыру мен экологияны жақсартуға бағытталған.

Сонымен қатар ҚР Бас прокуратурасының әкімшілік үдерістерін автоматтандыру, полицияның учаскелік инспекторларының қызметіне арналған ақпараттық деректер базасын құру және «Дипломатиялық қызметтің бірыңғай ақпараттық жүйесін» құру мәселелері талқыланды.