Кәрім Мәсімов Атырау мұнай өңдеу зауытының жаңғыртылу барысын бағалады

08 тамыз 2016, 23:44
Атырау облысы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов жұмыс сапары аясында Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ) барды.

Атырау мұнай өңдеу зауыты Қазақстандағы алғашқы мұнай өңдеу кәсіпорны болып табылады, ол 1945 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген. Зауытта 21 атаумен мұнай өнімдері шығарылады. Өнеркәсіптік көлемде АИ-80, АИ-92, АИ-93 маркалы этилендірілмеген жанармай өндіріледі, сонымен қоса АИ-96 маркалы этилсіздендірілген жанармай өндірісіне рұқсат беріліп, техникалық қорытынды алынды. Қоспалар қосылған қысқы дизель отыны шығарылады.      

МӨЗ жаңғырту аясында 2015 жылы хош иісті көмірсутектерді өндіру кешені пайдалануға берілді. Қазіргі кезде мұнайды терең өңдейтін жаңа кешенінің барлық нысандарында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобаның мехникалық кезеңі биылғы жылдың соңында аяқталады деп күтілуде. Ал 2017 жылы іске қосу мен реттеу жұмыстары жүргізіліп, кешен пайдалануға берілетін болады.

АМӨЗ-ын қайта жаңғырту арқылы екінші ретті үрдістердің қуаттылығы мен мұнай өңдеу тереңдігін арттыруға қол жеткізіп, ашық түсті мұнай өнімдерінің шығарылуын арттыру, шығарылатын өнім санын көбейту, К-4 және К-5 экологиялық кластарына сай келетін мотор отындарының сапасын жақсарту, ішкі нарықта жоғары октанды жанармай мен авиациялық отын тапшылығын жою жоспарлануда. Сонымен қатар жаңғыртудың арқасында шикі мұнайды өңдеу қуаттылығы жылына 5,5 млн тоннаға дейін жетіп, зауыттың технологиялық ағындарын пайдалану сенімділігі артатын болады.     

Премьер-Министр «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Қайрат Оразбаевпен бірге зауыт аумағын аралап, зауыт инфрақұрылымымен және хош иісті көмірсутектер өндіретін қондырғылармен танысты.

АМӨЗ жаңғырту жобасы отандық мұнай өңдеу зауыттарын реконструкциялау бойынша Үкімет бағдарламасына енеді. Бағдарламаның басты мақсаты мұнай өнімдерінің негізгі түрлеріне – жанармай, авиа отын мен дизель отынына деген ішкі қажеттіліктерді толық қанағаттандыру бойынша Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.