Кәрім Мәсімов ПМХЗ-ның жаңғыртылу барысымен танысты

07 тамыз 2016, 01:29
Павлодар облысы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов аймаққа жұмыс сапары аясында Павлодар мұнай-химия зауытына барды. 

Премьер-Министрге зауытты жаңғырту бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндалып, мазутты терең өңдеу бойынша бірегей кешендер көрсетілді. Сонымен қатар К.Мәсімов мұнайды алғашқы қайта өңдеуден өткізетін қондырғының жұмысымен танысты.

ПМХЗ жаңғырту жобасы отандық мұнай өңдеу зауыттарын реконструкциялау бойынша үкімет бағдарламасына енген және ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес республикалық Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылуда.

ПМХЗ жаңғыртылған соң 90%-дан жоғары тереңдікте өңдеумен жылына 7,5 млн тонна мұнайды қайта өңдеуге және Еуро-4 стандартына сәйкес келетін өнім шығару бойынша қуаттылыққа қол жеткізіледі деп күтілуде.

Сонымен қатар, зауыттың жаңғыртылуы қолданыстағы қондырғылардың технологиялық жабдықтарын жаңартып, автоматты басқару жүйесін технологиялық процестермен алмастыруға, жабдықтар жұмысының сенімділігін жақсартуға, ауаға зиянды заттардың шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. 

Премьер-Министр зауытты қайта жаңғырту бойынша жобаларды жүзеге асыруға қатысты қалған жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

2010-2011 жылдар аралығында кәсіпорында мемлекеттік индустриалдық-инновациялық бағдарламасына енгізілген 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның арқасында кәсіпорында еңбек өнімділігі артты.