Кәрім Мәсімов Атырауда балықтардың бағалы тұқымдарының өсірілуімен танысты

08 тамыз 2016, 22:11
Атырау облысы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Атырау облысына жұмыс сапары аясында «Caspian Royal Fish» бекіре балығын өсіру фермасына барды.

«Caspian Royal Fish» ЖШС-ында бағалы балық түрлері (бекіре тұқымдастары) жасанды түрде өсіріліп, балықты өңдеу және асқа жарамды уылдырық өндіру жүзеге асырылады. Жабдықтарды сатып алу үшін «ҚазАгроқаржы» АҚ мемлекеттік қолдауының және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу үшін «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында кәсіпорын 2014 жылы қыркүйек айында іске қосылды.

Балық шаруашылығы кешенінің директоры Асқар Таубаевтың айтуынша, жобаның ерекшелігі - өндірушілердің тұйық сумен жабдықтау қондырғыларында және реттелетін температуралық жағдайларда балық өсірудің үздіксіз үрдісін құру болып табылады. 

Бүгінде мұнда өсірілетін бекіре балығының жалпы саны - шамамен 25 мың дана. Биылғы жылдың соңына дейін 5 тонна тауарлы балықты өткізу және 200 келіден кем емес бекіре уылдырығын алу жоспарлануда. Ал 2017 жылы кәсіпорын жобалық қуаттылығына  шығады деп күтілуде.

Премьер-Министр кәсіпорынның өндірістік кешенін аралап, балық өсіріліп жатқан бассейндерді, инкубациялық цех залы мен қыс мезгілінде балық ұстайтын жерді көрді, сондай-ақ бекіре өндірісі үрдісімен танысты.  

Анықтама үшін:

Балық өндірісі Атырау облысының экономикасында маңызды орын алады. Балық шаруашылығын дамытудың басты бағыты қайта өңдеу болып табылады, өйткені бұл бағыт индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығында қарастырылған. Аймақта көптеген балық зауыттары мен шаруашылықтар орналасқан, олар албырт, жайын тәрізділер, алабалық, тұқы, нәлім және басқа да балық түрлерінің санын арттыру мақсатында жұмыс істейді. Жыл сайын аймақтағы бекіре балығы зауыттары мемлекеттік тапсырыс аясында табиғи ортаға 7 млн жас балықты өсіріп, жібереді.