Кәрім Мәсімов Ақтау теңіз портының Солтүстік терминалының жұмысын тексерді

10 тамыз 2016, 00:29
Маңғыстау облысы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

ҚР Премьер-Министрі Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты.

Жобаның жүзеге асырылу барысы туралы ҚР Премьер-Министріне «Қазақстан темір жолы» ҰК» президенті Асқар Мәмин баяндады.

Жобаның жүзеге асырылуы 3 кезеңді қамтиды: қорғаныш гидротехникалық құрылғылар салу, су табанын тереңдету жұмыстарын жүргізу және құрғақ жүк терминалдарын салу. Мұның бәрі порттың өткізу қабілетін 16,5 млн тоннадан 19 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі кезде жобаның соңғы кезеңдері жүзеге асырылуда, қызметтік және өндірістік нысандарын, ішкі алаңдардағы инженерлік желілерге кіру жолдарын салу жұмыстары жүргізілуде.

Ақтау және Баку порттарының арасында тұрақты паром қатынасы орнаған. Теміржол паромдары 18-20 сағат ішінде 253 теңіз милін еңсере отырып, мұнай өнімдерін, халық тұтынатын тауарларды, астық пен минералдық тыңайтқыштарды тасымалдайды. Паромдарға 54 теміржол вагоны мен 35 ауыр жүк тасымалдайтын автомобиль сияды. Бір ай ішінде бұл жерден 1000-ға дейін ауыр жүк тасымалдайтын техника өтеді.

2015 жылдың қорытындылары бойынша жалпы жүктердің ауыстырылып тиелуі 5 млн 897 мың тоннаны құрады. Бірінші жартыжылдықтың қорытындылары бойынша ол – 2 млн 681 мың тонна.

Ақтау теңіз порты Каспий теңізінің шығыс жағалауында, бірнеше халықаралық көлік дәліздері қиысқан тұста орналасқан. Бұл шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке және кері, Иран, Түркия, Ресей және Әзербайжан бағытында жүк тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазақстанда тұрақты экономикалық даму мәселелері басымдыққа ие. 19 шілде күні бірінші жартыжылдықтағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша өткен Үкімет отырысын қорытындылай келе Премьер-Министр министрлер кабинетіне Мемлекет басшысының тапсырмаларын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Оның ішінде экономика саласы ерекше орын алады.     

«Экономика оң аймаққа шықты. Енді осы жетістікті нығайту аса маңызды. Президенттің тапсырмасы бойынша қабылданған барлық бағдарламалар, барлық шешімдер әр бағдарлама әкімшісінің, әр әкімнің ерекше бақылауында болуы тиіс. Экономикада сезіле бастағанымен, адамдар әлі сезінбеуде. Экономикалық көрсеткіштердің адамдарға жеткені аса маңызды. Бұл жұмыс орындарына, жалақыға және өзге де мәселелерге қатысты», - деген еді сол кезде Премьер-Министр.