Қ. Бишімбаев жаңа «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасының негізгі міндеттерін атады

27 қыркүйек 2016, 10:23

ҚР ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Үкімет отырысы барысында жаңадан құрылып жатқан «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасының негізгі мақсаттары мен тапсырмаларын айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру үшін Министрлікте «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бағдарламаның тұжырымдамасы –  тұрғын үй құрылысын тікелей қаржыландырудан ипотекалық несиелендіруді дамытуға өту және жеке салушыларды ынталандыру», – деді Қ. Бишімбаев.

Министрдің айтуынша, бұл бағдарламаның негізгі тапсырмалары: пайыздық мөлшерлемені субсидиялау жолымен қолжетімді ЕДБ ипотекалық қарыздарды шығару арқылы сұранысты ынталандыру; тұрғын үй салушылар үшін қол жетімді заемдар беру арқылы ынталандыру; «ТҮҚЖБ» АҚ салымшылары үшін несиелік тұрғын үй құрылысы және тұрғын үй жалға берілетін аймақтық қор; мемлекеттің инженерлік инфрақұрылымды жүргізу және оған кететін шығынның орнын толтырумен, жер телімдерін беру арқылы тұрғын үй құрылысын дамыту.

«Қазіргі таңда Министрлік қызығушылық танытқан мемлекеттік органдармен, ҰКП, қаржы институттарымен  және әкімдіктермен белсенді талқылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, халықпен кеңейтілген талқылау жоспарланған және барлық пікірлерді ескере отырып, бағдарлама жобасы Үкімет қарауына ұсынылатын болады», – деді Қ. Бишімбаев.