Премьер-Министр Ақтау теңіз портының проблемалары мен даму перспективаларын талқылады

10 тамыз 2016, 00:08
Маңғыстау облысы

Кәрім Мәсімов Ақтау халықаралық теңіз сауда портының жұмысына қатысты мәселелер бойынша кеңес өткізді.

Порттың қазіргі жағдайы, проблемалары мен даму перспективалары туралы кеңесте Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Д.Ерғожин, «ҚТЖ» ҰК президенті А.Мәмин, «Ақтау» теңіз портының президенті М.Ялбачев сөз сөйледі.

Сонымен қатар кеңесте инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, «Баку халықаралық теңіз сауда порты» ЖАҚ бас директоры Талех Зиядов, Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев сөз сөйледі.

Кеңес барысында 2016 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары бойынша теңіз портынан өткен жүк көлемі 2 млн  681 мың тоннаны құрағаны атап өтілді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда металл мен астықты ауыстырып тиеу сәйкесінше 41 және 177 мың тоннаны құрады.  Ауыр жүк таситын машиналардың тасымалдау көлемі 14 есеге артты.

«Теңіз порты» өткізу бекетіндегі мемлекеттік қызметтердің жұмыс үрдістерін оңтайландыру, құжаттарды рәсімдеуін жеңілдету және жылдамдату, бірыңғай мемлекеттік бақылау жүргізу мақсатында «Бір терезе» құрылды. Сол арқылы барлық органдар бір жерге орналастырылып, бақылаушы мемлекеттік органдар тәуліктік режімде жұмыс істейтін болды.    

«Бір терезе» қағидаты бойынша кедендік рәсімдеуді енгізу арқылы құжаттарды өңдеу уақыты 10 сағаттан 2,5 сағатқа дейін қысқарды, осылайша, биылғы жылдың басында туындаған кезекке тұру мәселесі шешілді.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мәминнің хабарлауынша, Каспий аймағының елдері 2020 жылдарға қарай порттар қуаттылығын 103 млн тоннадан 150,6 млн тоннаға дейін, яғни 1,5 есе арттыруды жоспарлап отыр. Бұл кезде Ақтау теңіз портының Каспий маңы елдерінің жүк айналымындағы үлесі 26%-дан 34% дейін артады.

Сонымен қатар баяндамашылар бірқатар мәселелерді көтерді, оның ішінде негізгісі – қолданыстағы тарифтердің тиімсіздігі болды.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбектің басшылығымен жұмыс тобын құрып, талқыланған мәселелер бойынша ұсыныстарды қорытындылап, Үкімет қарауына енгізу туралы тапсырма берді.

«Ақтау – бұл Жібек жолы экономикалық белдеуінің түйінді торабы», - деп нақтылады кеңесті түйіндеген Премьер –Министр.  

Анықтама үшін: 

«Ақтау» порты арқылы тауарлар мен көлік транзиті негізінен Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қытай және Моңғолия арқылы өтеді. Биылғы жылдың 6 айы ішінде теңіз портынан 378 паром мен 648 құрғақ жүк өтті. «Ақтау» порты арқылы паром қатынасымен 9 201 көлік құралы тасымалданды.