Премьер-Министр Қазақстанда балық шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылады

08 тамыз 2016, 22:47
Атырау облысы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

Кәрім Мәсімов Атыраудағы балық шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларымен кездесіп, еліміздегі балық шаруашылығының даму перспективаларын талқылады.

Негізгі мәселелер ретінде, атап айтқанда, Жайық және Қиғаш өзендерінің табанын тереңдету бойынша тазарту жұмыстарының тоқтатылуы себебінен балықтардың бағалы тұқымдарының жойылып кету қатері, браконьерлікпен күресу және балық инспекциясы қызметкерлерінің материалдық-техникалық жарақталуының төмендігі мәселелері көтерілді.

Кеңес барысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев, қаржы вице-министрі Р.Дәленов, «Жайық-Атырау» бекіре балығын өсіру зауытының директоры Ғ.Сәрсемалиев, балық шаруашылығының ардагері Б.Сүлейменов сөз сөйледі.  

Еліміздегі балық шаруашылығының негізін су қоймаларының балық шаруашылығы қоры құрайды, оған Каспий және Арал теңіздерінің, Балқаш, Зайсан көлдерінің, Бұқтырма, Қапшағай, Шардара су қоймаларының, Алакөл көлдер жүйесінің акваториялары және жалпы аумағы 3 млн га асатын басқа да су қоймалары  кіреді. Мұнда 70-тен астам балық түрлері мекендейді, олардың ішінде коммерциялық тұрғыдан аса бағалы балықтар – бекіре тұқымдастары, көксерке, сазан, ақ амур, дөңмаңдай балығы және басқалары бар. 

«Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында балықты тауарлық өндірудің жыл сайынғы деңгейін 2020 жылға қарай 35 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.

ҚР АШМ бұйрығымен 2016 жылға балық және басқа да су жануарларын аулау лимиті 61,2 мың тонна көлемінде белгіленді. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында ауланған балық көлемі 16 мың тоннаны құрады.

Анықтама үшін:

Қазіргі кезде бағалы балық түрлерінің шабақтарын жасанды түрде өсірумен және оларды табиғи мекендеу ортасына жіберумен 7 республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын: Атырау бекіре балығы зауыты, Орал-Атырау бекіре балығы зауыты, Қапшағай уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы, Қамшылыбас балық тәлімбағы, Петропавл балық тәлімбағы, Майбалық балық тәлімбағы, Қазақ өндірістік жерсіндіру стансасы айналысады. Аталған кәсіпорындар 2015 жылы балық шаруашылығы су қоймаларына 168,4 млн астам бағалы балық тұқымдастарының шабақтарын өсіріп, жіберген.

Қазіргі кезде Үкімет бәсекелестік ортаға бірнеше балық шаруашылығы зауыттарын беру бойынша жұмыстар жүргізуде.

Атап айтқанда, Майбалық және Петропавл балық тәлімбағы, Қапшағай уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы және Қазақ өндірістік жерсіндіру стансасы жекешелендіруге жататын мемлекеттік жеке меншік ұйымдар тізіміне енгізілген.