ЭЫДҰ-мен өзара іс-қимыл – Қазақстанның сыртқы экономика саясатының негізгі басымдықтарының бірі

23 желтоқсан 2016, 18:07
Фото: bnews.kz

Бүгінгі таңда еліміздің сыртқы экономикалық саясаттағы басым бағыттарының бірі - Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен тығыз өзара іс-қимылды жолға қою болып отыр. Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуға ұмтылысы - ЭЫДҰ-ның барынша үздік тәжірибесі мен стандарттарына негізделген ұзақмерзімді стратегиялық мақсат болып саналады.

2015 жылы еліміз ЭЫДҰ елдік бағдарлама әзірлеген үш елдің біріне айналған болатын. Елдік бағдарламаны жүзеге асыру үшін Қазақстанның іріктеп алынуы да ЭЫДҰ-ға мүше елдердің тарапынан елімізге деген шынайы сенімнің жоғары екендігін көрсетеді.

Аталған ынтымақтастықтың нәтижесі – ұлттық заңнама нормаларын ұйым қағидаларына сәйкестендіру болмақ. Бұл өз кезегінде мемлекеттік басқару сапасын арттырады, бизнесті жүргізу шарттарын жетілдіреді, еліміздің іскери және несиелік рейтингісін жақсартады, сонымен қатар шетелдік инвестиция ағынының өсуін қамтамасыз етеді.

Жалпы, Елдік бағдарлама шолулары мен құқықтық құралдары бойынша ЭЫДҰ ұсыныстары еліміздің Қазақстанның стратегиялық жоспары-2025 жобасы, Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы-2030 жобасы, 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы бағдарлама жобасы және бәсекелестік, инвестициялық саясат және мемлекеттік басқару саласындағы салалық заңдар секілді даму бағдарламаларында көрініс тапты.

«2016 жылдың қорытындысына сәйкес, Қазақстанның ЭЫДҰ-мен ынтымақтастығы аясындағы екі негізгі бағыт бойынша, атап айтқанда бәсекелестік пен инвестициялардағы жетістігін ерекше атап өткім келеді. Биыл Қазақстан өз мәртебесін Бәсекелестік жөніндегі комитет қатысушысына дейін көтере алды, сонымен қатар ЭЫДҰ Қазақстанды Инвестициялар жөніндегі комитеттің қатысушысы ретінде шақыру шешімін қабылдап отыр. Қазақстан Орталық Азиядан аталған комитеттердің қатысушысы болған бірінші ел», - деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Сауда саясаты орталығының бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров.

Соңғы жыл бәсекелестік саясатын дамытудағы сындарлы сәт болды. Өйткені, дәл осы кезеңде заңнаманы ырықтандыруға, оның ішінде антимонополиялық реттеуді жеңілдетуге бағытталған реформалар қабылданды. Антимонополиялық саясаттың жаңа тұжырымдамасының негізі кәсіпкерлерге айыппұл салу емес, бәсекелестік заңнамасының бұзылу салдарын ескерту мен алдын алу болып саналады.

ЭЫДҰ сарапшылары қазақстандық антимонополиялық тәжірибеге жасаған шолуында Қазақстанды бәсекелестік заңнамасын жетілдіруші ел ретінде атап көрсеткен болатын. 

Жаңашылдықтың бірі ретінде нарық субъектісінің іс-әрекетінде заңнаманы бұзу белгілерінің бар екендігін ескерту институтының енгізілуін атап өтуге болады. Біз алдын алу шараларынан бас тарта отырып, тергеу жүргізусіз-ақ бұзушылықтарды өз еркімен жоюға мүмкіндік беретін қағидаларды енгізудеміз.

Бәсекелестік тәжірибеге «Yellow Pages Rule» қағидалары енгізілген. Оның мәні бәсекелестік ортаны қолдауға, мемлекеттік компанияларға еншілес құрылымдарды құруға шектеу қоюға және бизнес жанданған экономика салаларына мемлекеттің араласуына жол бермеуге бағытталған. Бұған қоса, тұтынушылар үшін тарифтік үдерістің әділдігі мен ашықтығын арттыру бойынша да жұмыстар жүргізілуде.

Кәсіпкерлік пен жеке секторды дамыту саласында да ауқымды жұмыстар қолған алынып жатыр.

Бүгінгі таңда Қазақстан экономикаға мемлекетік қатысу үлесін ЭЫДҰ елдерінің орташа деңгейіне дейін - 15%-ға дейін төмендету бойынша мақсат қойды. Ауқымды жекешелендіру бағдарламасы қарқынды іске асырылып жатыр, оның аясында жеке секторға мемлекеттік меншіктегі 700-ден астам нысанды тапсыру жоспарланған.

Соңғы жылдары жүргізіліп жатқан рұқсат жүйесін оңтайландыру және бизнесті жүргізудің шарттарын жеңілдету бойынша Үкімет жұмысы Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингісінде көрініс тапты, ол екі жыл қатарынан Қазақстанды реформатор ел ретінде атап өтуде.

Еліміздің инвестициялық әлеуетін күшейту үшін Қазақстан ЭЫДҰ-мен ынтымақтастық аясындағы тәжірибе мен үздік практикаларға қарап бой түзейді. Қазақстан ЭЫДҰ стандарттарын енгізу бойынша жұмысты кезең-кезеңмен жүргізуде.

Осылайша, 2012 жылы ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанның инвестициялық саясатына алғашқы шолу жасады. Жүргізіліп жатқан реформалар мен бірінші шолудағы ұсыныстарды енгізу үшін 2015 жылы Қазақстанның инвестициялық саясатына екінші шолу жасау бойынша жұмыс жүргізу басталды.

ЭЫДҰ-ның аталған шолуларының қорытындысы бойынша еліміздің инвестициялық ахуалын одан ары жақсаруына септігін тигізетін нақты ұсыныстар да берілген болатын.

Осы кезең ішінде ұсыныстардың басым бөлігі жүзеге асырылды. Нақты айтқанда, инвесторлар үшін жаңа ынталандыру тетіктері енгізілді, салық мөлшерлемелері өзгерген жағдайда тұрақтылыққа кепілдік қамтамасыз етілді, зияткерлік меншік, мемлекеттік-жекешелік әріптестік құқығын қорғау саласында заңнама қабылданды, инвесторлар үшін «бір терезе» тетігі енгізілді. Қазақстанның ДСҰ-ға кіріп, аталған ұйымға мүшелікке байланысты міндеттемелерді қабылдауы да инвестициялық режім мен сауданың дамуына өз септігін тигізіп отыр.

Инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге және қорғауға бағытталған инвестициялық омбудсмен институты да белсенді жұмыс істеуде. Бұған қоса, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап республикамызда алғаш рет инвестициялық даулар бойынша жеке сот өндірісі де құрылды.

Бүгінгі күні ҚР Инвестициялар және даму министрлігі 2016-2017 жылдарға арналған ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша тыңғылықты жаңа жоспар қабылдады.

Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін ЭЫДҰ-ға мүше 19 елдің азаматтары үшін визасыз режім енгізілді. 2017 жылы ЭЫДҰ-ның барлық елдерін қоса алғанда 55 елдің азаматтарына виза талаптарын жеңілдету жоспарлануда.

Елдік бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар бізге институттық реформалар аясында қолға алынған жұмыстарды жалғастыруға және Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік береді.