«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы Ұлттық жобаға ауыстырылады — С. Шәпкенов

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамту шаралары туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов,  «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов және облыс әкімдері баяндады.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С. Шәпкеновтің айтуынша, еңбек нарығының негізгі индикаторлары пандемияға қарамастан тұрақты болып қалды. 

Соңғы үш жылда жұмыс күшінің саны 43 мың адамға артты. Бұл жалдамалы жұмыскерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санының қысқаруы есебінен орын алды.

Бұл ретте, еңбек нарығын сипаттайтын негізгі көрсеткіш – жұмыссыздық деңгейі 4,9% көлемінде сақталды.

2020 жылдың екінші тоқсанында уақытша жұмыспен қамтылмаған халық саны 4,1 есеге өсіп, 536 мың адамды құрады. Дегенмен, шектеу шаралары кезінде бейресми жұмыспен қамтылғандар санының азаюы байқалды.

«Бүгінгі таңда экономиканың біртіндеп қалпына келуі байқалуда, бұл еңбек нарығына жағымды әсер етуде», — деді министр.

«Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасын іске асыру жөніндегі міндеттерді ескере отырып, ағымдағы жылы 1,2 млн адамды жұмыспен қамту шаралары арқылы қолдау жоспарланған. Олардың 700 мыңын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен, 32 мың адамды Жұмыспен қамтудың Жол картасымен, 440 мың адамды өзге де мемлекеттік бағдарламалармен қамту көзделген.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша қамтылатын 227 мың адамға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің түрлі шаралары көрсетіледі. Олар 3 бағытты қамтиды: 

  • қысқа мерзімді оқытуға, техникалық және кәсіби білім алуға 36 мың адам жіберіледі; 
  • «Бастау Бизнес»  жобасы бойынша 10,5 мың адамды бизнес дағдыларына оқыту басталды, жыл соңына дейін 30 мың адам оқытылады. Ағымдағы жылы өз ісін ашу және кеңейту үшін 5 мың шағын несие беріледі;
  • субсидияланатын жұмыс орындарының есебінен еңбек нарығына бейімделу қиынға түсетін адамдар қатарынан 128 мың адамға қолдау және 7 мың адамның өз еркімен қоныс аударуына қолдау көрсетіледі. 

Биыл үш айда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен 158 мың адам қамтылды, оның ішінде 53,5%-ы жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыстар сияқты субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды. Ал 32,4%-ы тұрақты жұмыспен қамтылды. 

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бес іс-шарасы «Nur Otan»  партиясының сайлауалды платформасына кірді және оларды іске асыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылы Жұмыспен қамтудың Жол картасын іске асыру жалғастырылады. 

«Бүгінде жергілікті атқарушы органдар 32 мың жұмыс орнын, оның ішінде 12 мың тұрақты жұмыс орнын құра отырып, 378 инфрақұрылымдық жобаны іріктеді. Жол картасын іске асыру шарттары тұрақты жұмыс орындарын құруға негізделіп өзектендірілді», — деді С. Шәпкенов. 

Жұмыспен қамту жол картасы 6%-дан аспайтын мөлшерлемемен жеңілдетілген шағын несие беру бойынша жаңа бағытпен толықтырылды. Несие алушылармен қосымша 11 мың жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, өзге мемлекеттік бағдарламалар аясында 440 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Бұл ретте жұмыс орындарын құру жөніндегі міндетті индикаторлар салалық мемлекеттік органдардың ұлттық жобаларында айқындалатын болады, ал жергілікті жерлердегі әкімдіктер өңірлік жұмыспен қамту карталарын қабылдауды қамтамасыз етулері тиіс.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жылғы 1 шілдеден бастап «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы Ұлттық жобаға ауыстырылады. Бұл орайда, құралдар мен міндеттер жаңа әдіснамаға сәйкес тек өзектендіріліп қана қоймай, оған мүлдем жаңа тетіктер мен бизнес-процестер енгізіледі.

Атап айтқанда, бірінші міндет бойынша еңбек ресурстары дағдыларын дамытуда жұмыс берушінің нақты қажеттіліктеріне орай практикалық дағдыларды алуға баса назар аударылатын болады. 

Электрондық еңбек биржасы базасында нарықта сұранысқа ие мамандықтар бойынша онлайн-оқытудың жалпыұлттық платформасы іске қосылады.

Екінші бағыт аясында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау арқылы халықтың табысын арттыру қарастырылады.

«Бұл жерде біз еңбек биржасы базасында кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың “бірыңғай терезесін” енгізуді жоспарлап отырмыз», — деді С. Шәпкенов.

Несиелендіру және гранттық қолдау үшін бизнес-жобаларды іріктеу өңірлердің қажеттілігіне қарай жүзеге асырылады.

Үшінші міндет нысаналы топтарды атаулы түрде қолдауға негізделеді. Бұл ретте олардың қажеттіліктеріне қарай жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі жекелеген жобалар іске асырылады.

Сондай-ақ, жұмыспен қамту қызметтері онлайн және проактивті түрде, яғни өтініш берусіз-ақ кеңінен ұсынылатын болады. 

Ұлттық жоба шеңберінде қабылданып жатқан шаралар болашақта халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және нақты ақшалай табыстың 27%-ға, еңбекақының 304 мың теңгеге дейін өсуіне, жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. 

Биылғы жылдың соңына қарай жұмыссыздық деңгейі 4,9% шегінде сақталады деп күтілуде. 

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов 2021 жылы «Бастау Бизнес» жобасы аясында 30 мың адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланғанын айтты. Ағымдағы жылғы 26 сәуірдегі жағдай бойынша 10,5 мың адамнан құралған білім алушылардың алғашқы легі қалыптастырылды.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов облыста еңбек нарығындағы жағдай тұрақты екенін хабарлады. 2020 жылы жұмыспен қамту шараларымен 33,7 мың адам немесе жоспардан 105,8% қамтылды. Экономикалық тұрғыдан белсенді халық санының 95%-дан астамы жұмыс істейді.

Олардың 23%-ы — өнеркәсіп, 16%-ы — ауыл шаруашылығы және 14%-ы қызмет көрсету салаларында.

«Биыл 32,8 мыңнан астам адамды қамту жоспарланған, оның  20 мыңы – жаңа жұмыс орындары. Бүгінге дейін, жыл басынан бері 5 682 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 40%-ы — тұрақты жұмыс орны», — деді облыс әкімі.

«Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 2 860 адам жұмысқа орналасты. Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды қайта даярлауға 225 адам жіберілді.

«Бастау Бизнес» жобасы бойынша онлайн оқытумен 909 адам қамтылды. Қарыздарды қайта қаржыландыру есебінен 39 шағын несие берілді. 245 адам  бизнес-идеяларын дамытуға грант алды.

«Қазіргі кезде өңірлік квотаға 466 адам енгізілді, оның ішінде 197 қандас және 269 қоныс аударушы бар. Жалпы, «Еңбек» бағдарламасымен 7 057 адам қамтылған, оның 57%-ы тұрақты жұмыс орындарымен қамтылды», — деді Ә. Сқақов. 

Жұмыспен қамту жол картасы бойынша 13,8 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 1 млрд теңге – шағын несие беруге, 12,8 млрд теңге 18 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға бағытталады. 

«966 жұмыс орнын құру жоспарланған, оның ішінде 32%-ы – тұрақты жұмыс орны. 80%-ға жуық жоба бойынша конкурстық рәсімдер жарияланды, екі жоба бойынша мердігерлер анықталды, Екібастұзда тұрғын үй құрылысы бойынша жұмыстар басталды», — деді облыс басшысы. 

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста жұмыспен қамтылғандар саны 329,4 мың адам болса, жұмыссыздық деңгейі 4,9%, оның ішіндегі жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,3% құрады. Облыс бойынша негізгі жұмыспен қамтуды қажет ететіндер саны 36,8 мың адамды құрайды.

«2021 жылы “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасымен 17 768 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бірінші тоқсанның нәтижесімен 9 357 адам бағдарламаға енгізіліп, 7 900-ы субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылды.Ал, тұрақты жұмыспен қамтылғандар 22,5% құрады»,  — деді Г. Әбдіқалықова.

Өңірде жыл соңына дейін «Еңбек» бағдарламасы арқылы 4 601 адамды, «Жұмыспен қамту Жол картасы» арқылы 961 адамды, Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен іске қосылатын 4 жобада 506 адамды, «Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспарына» сәйкес биыл жүзеге асырылатын 96 жобада 895 адамды және жеке бастамалар есебінен 4 941 адамды жұмыспен қамту шараларымен қамту көзделген. 

«Осылайша, жыл соңына дейін барлығы 11 904 адамды немесе 67%-ы тұрақты жұмыспен қамтылып, жұмыссыздық көрсеткіші 4,9% деңгейінде сақталып қалады»,  — деді облыс басшысы.


 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу