Жеделдетілген технологиялық жаңғырту ҚР энергетикалық секторының тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді

21 тамыз 2017, 15:45
Астана

Экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы Қазақстанның энергетикалық секторының тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы энергетика министрі Қанат Бозымбаев ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясындағы «Экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы» брифингі барысында айтып өтті.

Қанат Бозымбаев ҚР ЭМ Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған жеделдетілген технологиялық жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. Осылайша, минералды-шикізаттық базаны кеңейту аясында көмірсутекті шикізат мәселелерін реттеу үшін бірқатар жаңа тәсілдер әзірленген.

Мысалға, келісімдердің түрлері оңтайландырылды, жер қойнауын пайдалануға келісім жасау мерзімдері қысқартылды, рәсімдер жеңілдетілді және әкімшілік кедергілер жойылды. Жер қойнауын пайдалану саласының ашықтығы мен болжамдығын арттыру мақсатында шикізат қорлары бойынша есептілік стандарттарының халықаралық жүйесіне көшу жүзеге асырылуда.  

Шикізатты кешенді қайта өңдеуді тереңдету бойынша міндеттерді орындау үшін екінші жартыжылдықта Атырау МӨЗ мен Павлодар МХЗ жаңғырту жобалары аяқталады. Келесі жылы Шымкент МӨЗ-ін жаңғырту аяқталады.

Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртқаннан кейін мұнай өңдеу көлемі 14,5-тен 17,5 млн тоннаға дейін өседі. Ақшыл мұнай өнімдері – бензин, дизель отыны, авиаотын өндірісі ұлғайтылады. Еліміздің ішкі қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету және ЖЖМ бойынша импортқа тәуелділікті жою күтілуде.  

Экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы үлгісінде ОЭК жобасы бойынша бірқатар бастамалар іске асырылуда. Осылайша, мұнай-газ өнеркәсібінде кен орындарында мұнай беруді арттыру және геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру, оның ішінде теңіз жобалары бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл мұнай өндіру көлемінің 2025 жылға қарай 107,3 млн тоннаға дейін және газ өндіру көлемінің 77,3 млрд м3 дейін өсімін қамтамасыз етеді.

Мұнай өңдеуде энергия тиімділігін арттыру, 3-жылдық жөндеуаралық кезеңге көшу жобалары және ішкі нарыққа мұнай жеткізудің тартымдылығын арттыру бойынша шаралар енгізілуде. Бұл ақшыл мұнай өнімдерін өндіру көлемін арттырады және олардың сапасын К4 және К5 экологиялық стандарттарына дейін жеткізеді.

Мұнай-газ химиясында жылына жалпы қуаты 2,3 млн тонна қосымша құны жоғары өнім болатын 4 мұнай-газ химиясы зауыттарын салу шаралары іске асырылуда.  

Атом энергетикасында жылу шығаратын құрастырулар өндіретін зауыт салу, уран өндіретін кәсіпорындарда ІТ-технологияларды енгізу, сондай-ақ уранның минералды-шикізаттық базасын толтыру үшін іздеу жұмыстарын күшейту бойынша жобалар іске асырылады.

«Отын-энергетикалық сектор» бастамалары бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 2017–2025 жылдары 19 трлн астам теңгені құрауы тиіс, олардың 97% астамы жеке қаражат есебінен қамтамасыз етіледі.