Бақытжан Сағынтаев жылумен қамту нысандарының пайдаланылуы мен техникалық күйін қадағалауды күшейтуді тапсырды

10 қаңтар 2017, 10:51
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысы барысында жылумен қамту нысандарының пайдаланылуы мен техникалық күйін бақылау мен қадағалауды үкіметтік деңгейде күшейтуді тапсырды.

Отырысты ашқан ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет атынан Қарағанды облысының Шахан кентінде орын алған қайғылы оқиғаның салдарынан қайтыс болғандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.  

Еске салайық, жылыту қазандығының жарылуы салдарынан бес қабатты тұрғын үйдің бір бөлігі құлаған болатын, соның салдарынан 9 адам қаза тауып, тағы екі адам жараланды. Сонымен қатар, 8 қаңтарда Шымкенттегі жекеменшік тұрғын үйде де жарылыс болды және 9 қаңтарда «Kazakhmys Energy» ЖШС Жезқазған ЖЭО-дағы апат нәтижесінде Жезқазған қаласы мен «Қазақмыс» ЖШС өндіріс нысандары тоқтан ажырап қалды.

«Мемлекет басшысы Қарағанды облысының әкіміне, сонымен қатар өкілетті мемлекеттік органдарға барлық зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсету үшін шұғыл шаралар қабылдау туралы тапсырма берді. Қазір апат себептерін тергеу бойынша ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр. Бүгін осы жұмыстардың алғашқы нәтижелерін білеміз», - деді Б. Сағынтаев.

Өз баяндамалары барысында ҚР ішкі істер министрі Қ. Қасымов пен Қарағанды облысының әкімі Н. Әбдібеков жүргізілген тергеулер нәтижелері туралы айтты, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж. Түймебаев пен тұрғын үйлерде, мектептер мен ауруханаларда қазандықтар орнатылған кейбір аймақтардың әкімдері де баяндама жасады. Олардың ішінде Ақмола және Алматы облыстарының әкімдері де бар. 

Сонымен қатар, ҚР ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов өз баяндамасында болашақта мұндай апатты жағдайларға жол бермеу бойынша ұсыныстарын білдірді.  

«Бүгін талқыланған барлық мәселелер жекелеген кеңестерде қарастырылады. Жағдайға талдау жасап, республикалық және жергілікті атқарушы органдар арасында өкілеттіктерді атқарымдық бөлуге өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар енгіземіз», - деп атап өтті ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Мамин.

Баяндамалардың қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі ҚР ІІМ-іне мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп көпқабатты тұрғын үйлердегі, әсіресе, білім және әлеуметтік сала нысандарындағы барлық жылу қазандықтарына тексеру жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, Б. Сағынтаев жылумен қамту нысандарының пайдаланылуы мен техникалық күйін бақылау мен қадағалау функцияларын күшейту бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.     

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Маминге осы жұмыстарды үйлестіру және аталған мәселелерді шешу үшін жүйелі шараларды әзірлеу үшін жедел жұмыс тобын құру тапсырылды.