Биыл екі МӨЗ-дің жаңғыртылуы аяқталады

05 мамыр 2017, 13:58
Фото: primeminister.kz

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын жүзеге асыру бойынша ҚР Үкіметінің биылғы жылдың І тоқсанындағы жұмыс қорытындыларына арналған брифингте энергетика министрі Қанат Бозымбаев ОЭК жаңғыртылу барысы туралы айтты. 

Энергетика министрлігінің басшысының айтуынша, мұнай-газ саласында ТШО болашақта кеңейту жобасы, Қарашығанақтың өндірістік қуатын арттыру жобасы, Қашағандағы Солтүстік Каспий жобасының бірінші кезеңінің ІІ фазасы аса маңызды болып табылады. 
 
«ТШО болашақта кеңейту жобасы бойынша – бүгінде жалпы жұмыс прогресі шамамен18% құрайды. Бұл инвестиция саласындағы құны 37 млрд долларды құрайтын ірі жоба, оның құрылысы кезінде 20 мың жұмыс орнын құруға және біріккен өндірістерді ашуға мүмкіндік туады. Жобаның жалпы құнының 32%-дан кем емесі –12 млрд доллары – қазақстандық тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалады», - деп атап өтті Қ.Бозымбаев.

Қарашығанақтың өндірістік қуатын арттыру жобасы жылына 12 млн тонна көлемінде мұнай алуды сақтап қалуға мүмкіндік береді. Қашағанның І кезеңінің ІІ фазасы жобасында өнімділікті арттыру мақсатында  жеке жасанды теңіз аралын салу және газды кері соруға арналған қосымша компрессорларды орнату қамтылады. Бұл жаңа жұмыс орындарын құрып, мұнай алу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.  

Геологиялық барлауда халықаралық консорциумдармен бірлесіп «Хазар» және «Қаламқас теңізі» кен орындарын игеру жоспарланып отыр. Бұл ымыра қаржылық шығындарды төмендетіп, тиімділік көрсеткіштерін жақсартуға, жұмыс орындарын құруға, мұнай алу деңгейін арттыруға, салық түсімдерін көбейтуге жол ашады

Мұнай өңдеу саласында МӨЗ 3 жылдан кем болмайтын көбейтілген жөндеу аралық мерзімге көшеді. Бұл жөндеуге жұмсалатын шығындарды 10% азайтып, әр зауытта қайта өңдеу көлемін 300 мың тоннаға дейін арттыруға жол ашады. Атырау және Павлодардағы екі мұнай өңдеу зауытының жаңғыртылуы биыл аяқталуы тиіс, ал Шымкент зауыты келесі жылы толық жаңғыртылады. 

2016-2020 жылдарға арналған МӨЗ энергиялық тиімділігін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан күтілетін жалпы тиімділік – жалпы тұтынуда отын-энергетикалық ресурстардың 5-9% төмендеуі, 2020 жылдан соң бұл 2,3 млрд теңге көлеміндегі үнемді құрайды.  

«Мұнай газ химиясы» жобасы бойынша жоғары шекті өнімдерді шығару көлемі өткен жылғы 23 млрд теңгеден 420 млрд теңгеге дейін артады. Полипропилен, полиэтилен және полиэтилентерефталат шығаратын өндіріске 9 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылады. 

1/4
2/4
3/4
4/4