Қазақстанда жылыту маусымы штаттық режимде жүргізілуде

27 желтоқсан 2016, 11:23

Биылғы күзгі-қысқы маусым штаттық режимде өтіп жатыр, тұтынушылар электр және жылу энергиясымен толық қамтамасыз етілген. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты. 

Энергетика министрлігі басшысының айтуынша, жөндеу жұмыстары кесте бойынша жүргізілуде. 8 энергия блогының, 51 қазандық пен 35 трубинаның жөндеу жұмыстары аяқталды. 3 энергия блогында, 3 қазандық пен 7 трубинада жөндеу жұмыстарының түрлі кезеңі жүріп жатыр.

«Электр стансаларының отын қоймаларында 3 млн тоннадан астам көмір мен 124 мың тонна мазут жинақталған, бұл жалпы бекітілген нормаларға сәйкес келеді. Алайда Петропавлдағы «СолтүстікҚазЭнерго» компаниясының ЭЖО-2, «Астана-Энергия» кәсіпорынының  ЭЖО-2, Қарағандыдағы «Bassel Group LLS» компаниясының МАЭС-1 қазандықтарында бұл норма сақталмай отыр. Оған себеп экспедиторлық компаниялардың көмір тасу үшін жартылай вагондарды уақытылы бермеуі, - деп нақтылады Қ. Бозымбаев. 

Әкімдіктердің өтінімдеріне сәйкес Энергетика министрлігі 2016-2017 жж. күзгі-қысқы кезеңіне 342,6 мың тонна көлемінде әлеуметтік-өндірістік нысандарға мазутты жеткізу бойынша аймақтарды бекіту кестесін бекітті. Бірақ биылғы жылдың қараша айында бұл кесте 59%-ға, ал желтоқсан айында небәрі 26%-ға орындалды (жоспарда 83,2 мың тонна болғанда, іс жүзінде 28,9 мың тонна төленді, 21,7 мың тонна тиелді). Игерудің ең төменгі көрсеткіштері Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы, Астана қалаларында болды.

 «Соған қарамастан, жылу маусымында әлеуметтік мазутты жеткізу үздіксіз жүргізілуде», - деді энергетика министрі.