Қазақстанда көмір нарығы толықтай бәсекеге қабілетті - сарапшы

24 қаңтар 2017, 17:26
Фото: primeminister.kz

Көмір өнеркәсібі әлі ұзақ уақыт басымдыққа ие болады. Бұл туралы ҚР Үкіметі отырысынан кейін primeminister.kz сайтына «Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Николай Радостовец айтып берді.

Н. Радостовец қатты отынды тұтыну көлеміне «жасыл экономикаға» көшу бойынша әлемдік үрдістердің өзі айтарлықтай дәрежеде әсер ете алмайды деп есептейді. Себебі, күн энергиясының бағасы көмір бағасынан әлдеқайда жоғары, ал өнеркәсіпті дамытуға баға мәселесі өте маңызды.

2016 жылы Қазақстан көмір жеткізуге Ресей нарығын ішінара жоғалтқанын айта кеткен жөн.

«Біз үшін Ресей  - өте маңызды нарық, біз Ресейді энергиямен қамтуда 18%-ға ие болдық. Нарықтың осы сегментін сақтап қаламыз деген үміттеміз», – деді Н. Радостовец.

Сонымен бірге, сарапшының айтуынша, қалыптасқан жағдайдың орнын толтыру үшін Қазақстан Жапония мен Польшаға сынамалық топтамаларын жөнелтті, ал қазір Қытай мен Украинаға кеңінен жеткізудің нұсқаларын пысықтауда.  

«Бізде жеткізілімдер географиясы бар, бізге көмірді бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік беретін дұрыс көліктік және тарифтік саясатты әзірлеу керек. Қатал түрде бәсекелесу керек. Төменірек көмір бағасын ұсыну қажет. Өзіндік құнын, шығындарды пысықтау керек», – деп атап өтті ол.

Н. Радостовецтің айтуынша, 2016 жылдың соңында, вагондардың жетіспеуі байқалған кезде, мемлекет көміршілерге айтарлықтай қолдау көрсетті. Бейінді министрліктер, «ҚТЖ» ҰК» АҚ және ірі жүк жөнелтушілердің шұғыл өзара іс-қимыл орнатуының арқасында барлық өңірді дерлік көмірмен қамтамасыз ету мүмкін болды. Алайда, барлық мәселенің шешімі табылмаған болатын.

Осылайша, ол ҚР ИДМ жанынан тасымалдау үдерісін оңтайландырып, тасымалдау ережелерін жетілдіру бойынша бірқатар шаралар жүргізетін жұмыс тобын құру қажеттігін айтты. Бұл ережелер тасымалдау үдерісінің әрбір қатысушысының рөлі мен жауапкершілігін арттырар еді.

Сондай-ақ, Н. Радостовец ҚР Үкіметінің бірыңғай энергетикалық стратегиясын әзірлеу жөніндегі идеясына қолдау білдірді. Оның пікірі бойынша ол көмір, газ, мұнай өнімдері және жаңғыртылатын көздер нарығын нақты айыруы керек. Стратегия көміршілерге ұзақмерзімді жоспарларды құру үшін қажет. Олардың болмауы көмірі бар вагондардың уақытылы тиелмеуіне себеп болып табылады.

Бұдан өзге, Н. Радостовец көмір саласын дамытудың жаңа тәсілдері болып саналатын экспорттық келісімшарттарға қолдау көрсету қажет деп есептейді.

«Бізде 2016 жылғы 1 млн тоннадан 2017 жылы 3 млн тоннаға дейін Шұбаркөл көмірін жеткізу көлемін арттыру жөнінде келісімшарт пайда болды. Мұнда «ҚТЖ»ҰК» АҚ RG компаниясымен жеткілікті түрде нәтижелі жұмыс істеді, вагондарды жеткізу кестесі құрылып, нақты бақылауға алынған. Осындай экспорттық келісімшарттар Ресейдегі сату көлемінің қысқартылған кезінде Еуропа мен Азиядан өткізу нарығын табуға мүмкіндік береді. Біз мұндай нарықтарды қазірдің өзінде білеміз. Жасыл дәліз арқылы, төменгі көлік тарифтері бар жерлермен жіберетін боламыз», - деді сарапшы.

Қорытындылай келе, Н. Радостовец 10 наурызда Бішкекте Үкіметаралық кеңесте қазақстандық тарап барынша тұрлаулы позицияны ұстанып, Ресейдің қазақстандық жүктерді теңіз порттарына өткізу бойынша кемсітілмейтін рұқсатнама ережелерін енгізуін сұрау туралы пікірін білдірді. Сонда ғана көмір жөніндегі экспорттық келісімшарттар жаңа серпінге ие болар еді.