Ералы Тоғжанов Алматыдағы эпидемиологиялық ахуалмен танысты

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды. Ол қала басшылығымен бірлесіп бейнеконференция байланысы режимінде ауруханалар мен емханаларында жұмыс істейтін 70-тен астам бас дәрігердің қатысуымен кеңес өткізді. 

Онда қазіргі эпидемиологиялық жағдайдың өзекті мәселелері және мегаполисте COVID-19 таралуына жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар барысы қаралды. 

Коронавирус инфекциясының таралуы бойынша Алматы – «сары» аймақта. Көктемнің басы мен ортасында ауру көрсеткіштері төмендеген болатын, енді қайта өсіп жатыр. Осылайша, жұқтыру жағдайларының өсуі 0,2% болды, таралу коэффициенті – 1-ден жоғары. Жұқтыру ошақтарының ең көп саны Бостандық, Алмалы, Алатау, Бостандық және Медеу аудандарының аумағында орналасқан.

Инфекцияның таралуына қоғамдық орындарға бару, үйдегі, қалалық көліктегі, жұмыс орнындағы қарым-қатынастар, сондай-ақ вакциналау мен ревакцинация қарқынының төмендеуі себеп болып отыр.

Тұрғындар арасында індетке шалдығу деректерін азайту мақсатында қала әкімшілігі вакциналау мен ревакцинация жасатып, науқастарды оқшаулау барысын бақылау, алдын алудың негізгі ережелерін сақтау кажет екені туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту бойынша бірқатар шаралар қабылданды. 

Сонымен қатар пандемияның жаңа толқынына Алматыда 23 ковид клиникасы дайындалды. Онда барлығы 7 000 төсек-орын бар, олардың 250-і жансақтау бөліміне тиесілі.

Медициналық қоғамдастық өкілдерімен кеңес барысында КВИ-дің алдын алу мәселелері қаралды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қалада жұқтыру жағдайларының өсуіне, сондай-ақ МСАК жұмысын үйлестірудің, вакциналау мен ревакцинацияны ұйымдастырудың маңыздылығына, Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесінің коронавирус бойынша ахуалдың өршуіне дайындығына назар аударды.

«Бүгін қойылған міндеттерді қаланың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерімен бірге талдап, коронавирус инфекциясының алдын алу және таралуына жол бермеу бойынша қажетті шаралар қабылдауды сұраймын», — деп атап өтті Е. Тоғжанов. 

Кеңес соңында вице-премьер қала басшылығына COVID-19-ға қарсы иммундау науқанын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ халық арасында сапалы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді күшейту қажеттілігін атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу