Ералы Тоғжанов «Шыңға Өрлеу» әлеуметтік клубына барды

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары аясында «Шыңға Өрлеу» әлеуметтік клубының инфрақұрылымымен танысты.

«Шыңға өрлеу» - еліміздегі маңызды әлеуметтік жоба. Мұнда көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп жасындағы балалар қосымша тегін білім алады, спорттық және шығармашылық үйірмелерге қатысады. Мұндағы тәлімгерлер – зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Бүгінгі таңда Алматы қаласында осындай 10 клуб жұмыс істейді, онда 180 адам еңбек етеді.

Е. Тоғжанов Үкіметпен балалар мен жастардың бос уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп, жүйелі шаралар кешенінің іске асырылғанын атап өтті.

«Үкімет жыл соңына дейін балалардың 80%-ына жуығын қосымша спорт секцияларымен және үйірмелермен қамтуды жоспарлап отыр. Жалпы білім беретін мектептердің, балабақшалар мен колледждердің 28 мыңнан астам дене шынықтыру мұғалімі аптасына кемінде 3 қосымша спорт үйірмесін өткізеді. Бұл шаралар бұқаралық спортты дамытуға бағытталған. Спорттық инфрақұрылым аясы кеңеюде, 2021 жылы 41 ДСК іске қосылды, оның ішінде 32-сі аудан орталықтары мен ауылдарда. 2025 жылдың соңына дейін 131 спорт нысанын салу және қайта жаңарту жоспарланып отыр», — деді вице-премьер.

Балалардың клубта болу уақытында барлық негізгі мектеп пәндері (математика, қазақ, орыс, ағылшын тілдері, IT-технология) бойынша үй тапсырмасын дайындауда кәсіби көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар спорттық секциялар және шығармашылық үйірмелер – сауықтыру-дене шынықтыру, сәндік-қолданбалы өнер, шахмат, хореография, дене шынықтыру, музыка, домбыра, сахналық шеберлік және т. б. сабақтар қарастырылған.

Клубқа келушілердің өздері атап өткендей, Үкіметтің «Шыңға Өрлеу» әлеуметтік жобасын іске асырудың арқасында балалар аға буынмен жақын қарым-қатынас жасап, кәсіби, өмірлік тәжірибесі бар адамдардың даналығын, білімін үйреніп, игеріп алуға мүмкіндік алады, ал аға буын сұраныста болып, қоғамға қажетті тұлға екенін сезінеді.

Кездесу қорытындысы бойынша Е. Тоғжанов әкімдік тарапынан балаларды, оның ішінде аула клубтарының базасында халықтың әлеуметтік осал топтарының балаларын қосымша білім беру қызметтерімен қамту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу және қосымша оқыту бойынша қызмет көрсету үшін бейінді мамандығы бар аға буын өкілдерін тарту – бұл жұмыспен қамту арқылы ересек халықтың табысын арттыруға бағытталған кейстердің бірі.

Аталған орталыққа келетін балалардың шығармашылық және спорттық әлеуетін дамыту мақсатында Е. Тоғжанов Алматы қаласының әкімдігіне оларды одан әрі сүйемелдеу бойынша шаралар қабылдауды, түрлі шығармашылық жобалар мен спорттық конкурстарға, оның ішінде жұмыс істеп тұрған мемлекеттік білім беру, мәдениет және спорт ұйымдарының базасында қатысуына мүмкіндіктер жасауды тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу