Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Астана ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайын – Ә. Исекешев

21 сәуір 2017, 17:02

Елорда әкімдігі жұмысының басымдықты бағыттарының бірі бүгінгі таңда халықаралық ЭКСПО көрмесіне дайындық болып табылады. Әкімдік жанынан штаб құрылған, ол мерзімдерге сәйкес барлық дайындық жұмыстарын жүргізуде. Бұл туралы Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен кеңес барысында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев баяндады.

Ә. Исекешевтің айтуынша, Астана 2 млн-нан астам туристі қабылдауға және орналастыруға дайын. Барлығы 35 мың төсек-орын әзірленген. Әкімдік жанынан өңірлермен жұмыс жасайтын брондау бөлімі құрылған. Еліміздің 10 өңірінен келушілер орындарды брондап қойды.

Әкім елордаға келушілердің бәрін тамақтандыру үшін 110 мың орын қажет екенін атап өтті.

«Қазіргі таңда бізде 850 тамақтандыру пункті бар. Олар 100 мыңға дейін орынды қамтамасыз етеді. Түрлі елдердің Қытай, Еуропа, Қиыр Шығыс, Ресей тағамдарын әзірлеуге баса көңіл аударылуда», – деді қала басшысы.

Әкімдіктің болжамы бойынша, халықаралық көрме кезінде азық-түліктерді тұтыну 20-30%-ға артып, үш айда 160 мың тоннаны құрайды.

«Біз өңірлерден келетін жәрмеңкелердің кестесін бекіттік. Тапшылық және қымбаттау қаупі болуы мүмкін азық-түліктердің 30 аталымы бойынша кәсіпорындардан осы өнімдерді тұрақты жеткізуді қамтамасыз етеміз», – деп атап өтті әкім.

Мәдени-спорттық шаралар жете қалыптастырылды.

Ұлттық компаниялардың еріктілерінен бөлек түрлі тілдерді меңгерген, әуежайлар мен вокзалдардан қонақтарды қарсы алатын 1 000 қала еріктілерінен топ құрылды.

Бұдан өзге, әкімдік 8 ақпараттық дүңгіршекті, туристерге арналған нұсқаулықтар әзірлеп, іске қосты, туристік бағдарлар жасалды.

Ә. Исекешев әуежайдың жаңа терминалы мен темір жол вокзалы уақытында пайдалануға берілетінін атап өтті. Инвестициялар және даму министрлігі ашық аспан аясындағы авиарейстер, барлық қосымша пойыздар бойынша жұмыстарды аяқтады. Үкіметтің қолдауымен автобустар сатылып алынды.   

«Халықаралық делегациялар үшін 110 автобус, 167 – жеті бағдарға арналған шатл-басс бөлінеді – бұл қонақтарды жаппай орналастыру орындарынан тікелей ЭКСПО-ға жеткізетін арнайы экспресстер болады. Автомат-такси қызметі іске қосылды», - деп хабарлады Астана әкімі.

ЭКСПО аймағында шамамен 6 мың тұрақ орны құрылды. Адам ең көп келетін күндері 12 мың көлік болады деп күтілуде, жақын арада ЭКСПО аймағында тағы қосымша 6 мың және қала ішінде 2,5 мың көлік тұрағы орындары дайын болады.

Қауіпсіздік мақсатында қаланың әр түкпірінде 3 000 бейнекамера орнатылады.

ЭКСПО аймағында 7 медицина пункті, қонақтардың өмір сүретін орындарында да медицина пунктері ашылады. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің барлығы ағылшын тілін еркін меңгерген болады.

Астана әкімінің айтуынша, бүгінде тәуліктік режимде жолдардың шұңқырларын жөндеу, жол белгілерін, ақпараттық белгілерді орнату, фонтан кешендерін, шағын сәулеттік формаларды іске қосу, әуежайдан шыққан жолды бойлай ағаштар отырғызу жұмыстары жүргізілуде.  

Атамекен этномемориалдық кешенін, Бәйтерек, Мәңгілік ел монументтерін қайта жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Ә. Исекешев ЭКСПО-ның әсері елордамызда жақсы байқалып жатқанын атап өтті.

«Кәсіпорындар үшін ЭКСПО дағдарыс кезеңінде құлдырамаудың жолы болды», - деді әкім.

Көрме аяқталғаннан кейін де ЭКСПО кешені тек қана елорданың емес, сондай-ақ күллі еліміздің де ауқымды инновациялық-технологиялық даму орталығы болып қалады деп күтілуде.

1/6
2/6
3/6
4/6
5/6
6/6