Бақытжан Сағынтаев ЭКСПО-2017-ге дайындық жөнінде кеңес өткізді

24 ақпан 2017, 13:33
Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде Қазақстанның ұлттық павильонына қойылатын отандық ғалымдар мен ұйымдардың ғылыми-техникалық жобаларын қарастыру бойынша жұмыс кеңесін өткізді.  

ҚР Энергетика министрлігі жанындағы ғылыми-техникалық кеңес 139 инновациялық жобаның 27-сін іріктеп алды. Әзірлемелердің тақырыбы энергияның жаңа жаңғыртпалы көздерін дамыту, энергия үнемдеу және энергия тиімділігі, қоршаған ортаға жағымсыз ықпалды төмендету технологияларымен байланысты.

Сонымен қатар, дербес күн қондырғысын, кіші деривациялық СЭС, қуаттылығы 200 кВТ-қа дейінгі гибридті жел электр станциясы, көмірі бар қалдықтарды плазма химиялық қайта өңдеу технологияларын құру жобалары да қарастырылды.

Айта кету керек, аталған жобалардың кейбіреуі бүгінгі таңда ішкі нарықта сұранысқа ие және энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларында сәтті қолданыста.

Бақытжан Сағынтаев әзірлемелердің авторларымен жобаларға қолдау көрсету және коммерцияландыру, жаңа индустрияларды құру және инновациялар саласын дамыту мәселелерін талқылады.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында инновацияларға қолдау көрсету, оларды өндіріске жылдам енгізу, ЖОО-лар, Назарбаев Университеті және «Алатау» ИТП базасында ғылыми және инновациялық әлеуетті арттыру мәселелеріне баса назар аударған.