Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны iOS-қа жүктеп алу

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ЭКСПО-2017-нің миллионыншы келушісі тіркелді

11 шілде 2017, 19:50
Фото: primeminister.kz

Бүгін Халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің миллионыншы келушісі анықталды. Ол Астана мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гүлжиһан Жаңабергенова болды.

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ төрағасы Ахметжан Есімов миллионыншы қонақты құттықтады. Ол қонаққа ЭКСПО-2017-ге кіретін көп реттік абономенттер, дю Солей циркіне билеттер, планшет, портативтік зарядтау құрылғысын және көрме символы бейнеленген ескерткіш кәдесыйларды тарту етті.

«Біз көрмені өткізу кезінде барлығы екі миллион келуші болады деп жоспарлаған едік, бірақ көріп отырсыздар, 31 күннің ішінде бізде миллион қонақ болды. Қазір біз белсенділіктің жоғары деңгейін байқап жүрміз, өткен жұмада бір күннің ішінде 66 мың келуші болды – бұл өте жақсы көрсеткіш. Біз алға қойған жоспар бойынша жүріп келеміз және жасыратыны жоқ, бүгінгі миллионыншы келуші бізді қуантты», - деді А. Есімов.

Г. Жаңабергенова көрмеге жолдасымен және үш жасар қызымен келген:

«Мен Астананың №76 мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін. Мұнда екінші рет келіп тұрмын, алғашында басты жаттығу кезінде жұмыс ұжымыммен келдім, бірақ ол кезде «Нұр-Әлем» сферасына бара алмадым. Бүгін отбасыммен келдім, осылай боларын күткен де жоқпын», - деді Астананың бақытты тұрғыны.

Мәлім болғандай, Халықаралық «Астана ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесіне 100-ден астам ел мен шамамен 10 халықаралық ұйым қатысып жатыр.

Ұйымдастырушылар ЭКСПО-2017-ге 2 млн адам келеді деп, ал жалпы келу саны шамамен 5 млн болады деп күтуде. Келушілердің 85% қазақстандықтар, ал қалған 15% шет мемлекеттердің азаматтары болады деп көзделген. АҚШ, Еуропа, Түркия, Қытай және ТМД елдерінен келетін туристердің саны басым болады деп күтілуде.

10 шілдедегі жағдай бойынша, халықаралық павильондарды аралаудың жиынтық саны - 5 960 212 құрады. Көрме кешенінің негізгі нысандарына адамдар 834 579 рет барған. Осы күнге дейін адамдардың ең көп барған нысаны – «Нұр Әлем», оған 303 007 адам барған. Болжалды есеп бойынша шетелдік келушілердің саны 130 мыңнан жоғары немесе шамамен 14% құрайды.

ҚР ҰЭМ Статистика комитеті ЭКСПО-2017 қазақстандық және шетелдік қонақтарының орташа статистикалық портреттерін жасады. Толығырақ - инфографикада.

1/1