Кәрім Мәсімов «Астана ЭКСПО–2017» көрме кешені нысандарының құрылыс барысын қарады

03 тамыз 2016, 02:22
Астана

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов «Астана ЭКСПО–2017» көрме кешені нысандарын аралады. Бұл туралы ол Instagram қосымшасы арқылы хабарлады.

"AstanaEXPO 2017" көрмесіне 311 күн қалды. Көрме кешенінің құрылыс нысандарында. Астана, 2 тамыз 2016 ж.", – деп жазды Премьер-Министр Instagram-дағы парақшасында.  

Астанада EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу Қазақстанның басты жобаларының бірі болып табылады, сондықтан ЭКСПО-2017-ге дайындық барысы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатаң бақылауында. Бүгін, 2 тамызда, еліміздің Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов көрме кешеніндегі құрылыс жұмыстары барысымен танысты.

Премьер-Министр 4-ші және 5-ші кірістердің жылу магистральдарын салу бойынша жұмыстар қалай жүріп жатқанын қарап шықты. Магистарльді пайдалануға беру ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі нысандарын, сондай-ақ елорданың әлеуметтік маңызды нысандарын, Мыңжылдық аллеясын, жаңа вокзалды сенімді және үздіксіз жылумен қамтумен қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда нысанның дайындығы 75%-ды құрайды. Жұмыстар кестеге сәйкес жүріп жатыр.

Бұдан өзге, Кәрім Мәсімов көрменің құрылыс алаңдарын аралады.

ЭКСПО-2017-ге дайындық бойынша жұмыс кестеге сәйкес қызу жүріп жатыр. Нысандар мен инфрақұрылым салуға отандық кәсіпкерлер кеңінен тартылуда. 

Қазақстан павильонының (Сфера) және Ұлттық павильонның тұжырымдамасын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы 2 қазанда мақұлдады. Сфераның тематикалық тұжырымдамасы «Болашақ энергиясы музейі» ретінде ұсынылған. Келушілер саяхаттауды сегізінші деңгейден бастайды, онда олар сегіз лифттің көмегімен көтеріледі. Ең жоғарғы қабатта «Болашақ Астана – 2050 жылдағы Қазақстанның астанасы» көрмесі орналасады.  Қаланың мүсіндік моделі тұрақты даму мен экологиялық тиімділкті ескере отырып, қаланың мақсат-мүдделерін сипаттайды. Бұл деңгейдің негізгі элементтерінің бірі көру алаңы бар мөлдір көпір болып табылады, ол жерден ғимараттың барлық қабаттарына көрініс ашылады.

«Болашақ энергиясы» тақырыбы сфералық ғимараттың жеті қабатында ұсынылады: әр қайсысы нақты бір энергия түрі бойынша (Ғарыш, Күн, биомасса, жел, су энергиясы және кинетикалық энергия).

«Қазақстан» павильонының негізінде Ұлттық павильон орналасады, ол екі негізгі аймаққа бөлінеді: Қазақстанмен танысу аймағы және «Жасампаз энергия» аймағы.                               

Павильонның бірінші бөлігінде Қазақстанның ландшафты, мәдениеті, тарихы, қазіргісі және болашағы ұсынылады. «Жасампаз энергия» аймағында энергетика және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы отандық ғалымдардың үздік жобаларын, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың бастамаларын, «Жасыл экономика» бойынша өңірлік жобаларды және «Тоқамақ» Қазақстандық термоядролық материалтану реакторының моделін ұсыну жоспарланған.

Анықтама үшін:

ЭКСПО Мамандандырылған көрмесі Астанада 10 маусымда басталады және 2017 жылдың қыркүйегінде аяқталады. ЭКСПО көрмесіне жүз елдің өкілдері қатысады деп күтілуде. Көрмеге бес миллионға жуық адам келеді. ТМД елдері, Қытай, Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия және Түркиядан келген туристер басым болады. Қазіргі таңда ЭКСПО көрмесіне қатысатынын 82 мемлекет және 14 халықаралық ұйым растады.