Нидерланды Корольдігі ЭКСПО-2017 көрмесінде Голландияның инновациялық жетістіктерін ұсынады

16 мамыр 2017, 16:15
Фото: primeminister.kz

Бүгін ЭКСПО-2017 аумағында Нидерланды Корольдігінің павильонын таныстыру өтті.

Павильонды Нидерланды Корольдігінің ҚР-дағы төтенше және өкілетті елшісі Дирк Ян Коп пен павильон директоры Эвелин Бяйл таныстырды.

«15 жыл бойы Нидерланды Қазақстандағы ірі инвестор болып қалуда. Бұл кезеңде голландтық компаниялар ҚР экономикасына 61,1 миллиардтан астам доллар инвестиция салды. 2016 жылы голландтық инвестициялар барлық шетелдік инвестициялардың 40% жуығын құрады», – деп атап өтті Д. Ян Коп.

Нидерланды энергия іздестіру және оны алудағы бірегейлігімен танымал. Бүкіл әлемде голландтық өнеркәсіптік технологиялар, озық ноу-хау және инновациялар ерекше қызығушылық тудырады. Мұның бәрі осы жазда Астанадағы ЭКСПО көрмесі кезінде көрсетіледі, деп уәде етті Корольдіктің өкілдері.

Голландтық павильонның жұмысы «Шағын ел, шексіз энергия: болашақ энергиясын қалыптастыратын ойлау қабілетімен таныс болыңыздар» деген ұранмен өтеді.

«25 күннен кейін әлемнің көптеген елдері Қазақстанға жасыл энергетикаға қалай қол жеткізуге болатынын, оны қолжетімді, тұрақты етудің түрлі әдістерін талқылау үшін келеді. Сәйкесінше Нидерланды шығармашылық тәсілдерді, біртұтас шешімдер мен өзара іс-қимылды қолдана отырып, мұндай даму үдерісінде басты рөл атқарады. Біздің ел энергетика саласындағы осындай түрлену үдерісін алға жылжытады», – деді Э. Бяйл.

Павильон келушілерге голландтықтардың болашақ энергиясын қалыптастыруда пайдаланатын барлық ізашар әдіс-тәсілдерін таныстырады. Келушілерге павильонның үш секциясы ұсынылады: шығармашылық және инновациялық жетістіктер көрмесі залы, эклектикалық мультимедиялық құралдар залы, ақпараттық, интерактивті және ойын-сауық элементтері залы. Бұдан өзге, таяу уақытта павильонның мүмкіндіктерін қолжетімді ететін веб-қосымша іске қосылады.

«Біздің ЭКСПО-2017-дегі павильонымыз Нидерландыны сипаттайтын символ болмақ және ол болашақ энергиясын қалыптастырудың түрлі жолдары туралы айтады», – деп атап өтті павильон директоры.

22 маусымда Нидерланды Корольдігі ЭКСПО Ұлттық күнін өткізуді жоспарлап отыр. Сол күні Нидерландының экономика министрі Астанадағы ЭКСПО көрмесіне келеді деп күтілуде. 

1/3
2/3
3/3