Люксембург «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу туралы келісімшартқа қол қойды

22 ақпан 2017, 16:37

Бүгін «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық қатысушыларының үшінші жиыны аясында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов мен Люксембургтың төтенше және өкілетті елшісі Жан-Клод Кнебелер көрмеге қатысу келісімшартына қол қойды.

Әңгімелесу барысында Люксембургтің ұлттық комиссарын тағайындау және павильондағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы мәселелері талқыланды. 

Бұдан өзге, А. Есімов Германияның ұлттық секциясының комиссары Дитмар Шмитцпен, Францияның ұлттық секциясының комиссары Паскаль Лормен, Литваның ұлттық секциясының комиссары Ромас Янкаускаспен екіжақты кездесулер өткізді. Павильондарды мазмұндық безендіру, операциялық қызмет және көрме барысында өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылды. Аталған мемлекеттердегі «ЭКСПО-2017» ілгерілету және шетелдік туристерді тарту тақырыптары қозғалды. 

Сондай-ақ, «ЭКСПО 2020 Дубай» Бюросының операциялық директоры Саймон Клэгпен кездесуі өтті. Оның қорытындысы бойынша «ЭКСПО 2020 Дубай» Бюросы мен «Астана ЭКСПО 2017» арасында алдында қол қойылған өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум аясында көрмелерді ұйымдастыру, Астананың тәжірибесін Дубай көрмесіне беру бойынша жұмыс тобын құру туралы келісімге қол жеткізілді.

Еске салсақ, Халықаралық мамандандырылған көрме Астана қаласында 2017 жылғы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өткізіледі, оның барысында 5 миллион келу болады деп күтілуде.