ЭКСПО-2017 билеттерінің сатылымы жоспарланған көрсеткіштерден асып түсті

05 маусым 2017, 12:28

Бүгінгі таңда 1 млн 200 мыңнан астам билет сатылған, бұл жоспарланған көлемнен 20%-ға жоғары көрсеткіш. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ коммерциялау департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев Халықаралық көрмені қауіпсіздікпен қамтамасыз ету жүйелерін тексеру мәселелеріне қатысты өткен баспасөз конференциясы барысында хабарлады.

Өткен жексенбіде ЭКСПО-2017 алаңында басты дайындық шарасы өтті, онда ұйымдастырушылар көрме аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен аралауға қолайлы жағдайлар жасау қызметтерінің даярлығын, сондай-ақ, сервис нысандарының техникалық дайындығы мен павильондардың әзірлігін тексерді.

Көрме ашылғанға дейін 1 млн-ға жуық билет сату жоспарланған, алайда, сатылым көлемі бұл деңгейден 20%-ға асып түсті, деді Дәулет Еркімбаев. Көрмеге келушілер санының көп болатынына байланысты тиісті шаралар қабылданған.

Қауіпсіздік департаментінің директоры Рүстем Шәкеновтың мәліметі бойынша, халықаралық көрменің ашылуына орай жоспарланған шаралардың барлығы толық көлемде орындалды. Қажетті жабдықтардың барлығы сатылып алынды және орнатылды – бұлар бейне бақылау, дабыл, көрме ашықтығын басқаруды бақылау жүйелері.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мамандардың барлығы – құқық қорғау органдарының, жеке күзет құрылымдарының қызметкерлері оқыту курстары мен тілдік даярлықтан өтті.  

«Кіргізу топтарын жасақтауға ерекше назар аударылды, олар 1 сағаттың ішінде 12 мыңға жуық адамды қабылдай алады. Сонымен қатар күту уақыты 30-40 минуттан аспайтын болады», - деді Рүстем Шәкенов.

Шетелдік қонақтарға еріктілер көмек көрсетеді. Көрме ұйымдастырушылары барлығы 4,5 мың адамды іріктеп, дайындады. Әр ай сайын көрме аумағында 1,5 мың адам көмек көрсетеді. Алғашқы 800 ерікті Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстары мен Алматыдан келген.

Медициналық көмек көрсету үшін 210-нан астам медицина қызметкері тартылған. Дәрігерлер, фельдшерлер, реанимация мамандары күн сайын Халықаралық көрме аумағында кезекшілік ететін болады. Көрме аумағында барлығы 7 медицина пункті бар.

ЭКСПО-2017 ұйымдастырушылары 115 халықаралық қатысушының барлығы көрменің ашылуына әзір екенін хабарлады. Олар өз павильондары мен атқарымдық жүйелердің жұмысын тексеріп жатыр.

1/1