Ресей ЭКСПО-2017 көрмесіндегі павильонын алды

15 желтоқсан 2016, 15:48
Фото: expo2017astana.com

Бүгін «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Ресейдің ұлттық павильонының комиссары, РФ өндіріс және сауда министрінің орынбасары Георгий Каламановпен кездесті.  

Кездесу барысында екі жақ ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру мәселесін талқылады. А. Есімов Ресей тарапын көрмеге дайындық жұмыстарымен және халықаралық қатысушыларды тарту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырды.  

Өз кезегінде, Г. Каламанов Астана қаласында өтетін халықаралық көрмеде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша өздерінің технологияларын көрсету мүмкіндігі үшін ризашылығын білдірді.

«Қазіргі таңда Ресейдің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы туралы барлық мәселелер шешілді. Айталық, қатысу тұжырымдамасы әзірленді, бюджет қалыптастырылды, павильонды толтыратын сараптама кеңесі құрылды, ЭКСПО-ға қатысуға байланысты бірқатар ұйымдастыру жұмыстары атқарылды. Ресейлік компаниялар бұл үдеріске қосылуға әзір. Көрме тақырыбы біз үшін өте маңызды. Сондықтан барынша аянып қалмауға тырысамыз», - деді Ресей ұлттық секциясының комиссары.   

Ұлттық компанияның хабарлауынша, кездесу соңында РФ павильонын тапсыру бойынша құжаттарға қол қойылды. Павильон аумағы – 1 008,6 шаршы метрді құрайды. Ресей делегациясының келісімі бойынша келесі жылдың қаңтар-ақпан айларында павильонның экспозициясын безендіру жұмыстары басталады.

Еске сала кетейік, бүгінде ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым қатысатындығын растады.