Таиланд «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатынын ресми растады

09 тамыз 2016, 21:42

Таиланд Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатынын растаған 96-шы ел болды. Таиланд павильонының болжамды ауданы 734 шаршы метрді құрайды. 

ҚР СІМ мәлімдегендей, «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаевтың Таиланд Корольдігінің «ЭКСПО-2017» көрмесінде ұлттық секция Комиссары, Таиландтың Энергетика министрлігінің тұрақты хатшысы Ареепонг Бхоочаооммен, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Азия мен Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (АзТМЭӘК) Атқарушы хатшысы Шамшад Ахтармен, сонымен қатар іскерлік топтармен және жетекші БАҚ өкілдерімен кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар қазақстандық-тай екіжақты экономикалық және энергетикалық ынтымақтастық мәселелерін, сонымен қатар Таиландтың «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуын талқылады.

Р. Жошыбаев халықаралық қатысушыларды тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыс пен «ЭКСПО-2017» көрмеге дайындық барысы туралы хабарлады.

Өз кезегінде, А. Бхончаоом мырза Таиландтың қатысуын растап, ел «жасыл» экономика мен жаңғыртылатын энергия саласындағы ең үздік әзірленімдерін ұсынуды көздеп отыр. Таиланд 2021 жылға дейін жаңартылатын және балама энергия көздерінің жалпы тұтынудағы үлесін 25%-ға дейін ұлғайтуды көздейді. Таиландтың биомассаны дамыту мен пайдалануда тәжірибесі мол және биомассаны энергияға айналдыру бойынша Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі жетекші позицияны сақтап қалуды жоспарлап отыр.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Таиланд секциясының комиссары А. Бхончаоомның ағымдағы жылғы 19 тамызда Астанаға Таиландтың «ЭКСПО-2017» көрмесіне Қатысу шартына қол қою мақсатында сапарын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.