Өзбекстан ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу туралы келісімшартқа қол қойды

15 ақпан 2017, 11:25
Фото: mfa.gov.kz

2017 жылғы 13-14 ақпанда ЭКСПО-2017 Комиссары Рәпіл Жошыбаевтың Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары барысында Өзбекстан Республикасының Сыртқы экономикалық байланыстар, инвестициялар және сауда министрі Элёр Ганиевпен және «Узэкспоцентр» АҚ басқарма төрағасы – Өзбекстан ұлттық секциясының комиссары Иброхим Эргашевпен кездесулері өтті.

Э. Ганиевпен кездесу барысында тараптар екіжақты өзара іс-қимыл мәселелері мен оны әрі қарай дамыту перспективаларын талқылады. Қазақстандық  дипломат Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басты халықаралық бастамалары, сондай-ақ ішкі реформалар және Астананың ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындық туралы айтып берді.

Өзбекстанның Сыртқы экономикалық байланыстар, инвестициялар және сауда министрі өз кезегінде әлемдегі көмірсутектер қорының азаюы жағдайында экономиканың бәсекеге қабілеттілігін тұрақты дамыту және арттыру үшін баламалы энергия көздерін пайдалану зор маңызға ие болып келе жатқанын баса айтты. Ол көрмеде Өзбекстанда өндірілетін күн панельдері, шағын гидроэнергия жабдықтары саласындағы өзбек мамандарының әзірлемелері, Самарқанд облысындағы салынып жатқан күн электрстанциясының макеті ұсынылатынын айтты.

Өзбекстан ұлттық секциясының комиссарымен кездесу барысында Р. Жошыбаев көрмеге дайындық және Астанада 2017 жылғы 22-23 ақпанда өтетін Халықаралық қатысушылар жиналысына дайындық барысы туралы айтып берді.

И. Эргашев өзбек тарапы «жасыл» технологияларды дамытуға және мамандандырылған көрмеге қатысуға баса мән беретінін атап өтті. Өзбекстан ұлттық секциясы комиссарының айтуынша, ЭКСПО-2017 энергетикалық әзірлемелер мен технологияларды ғана емес, халықтардың тарихын, мәдениетін және дәстүрін көрсетуге тамаша мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысы бойынша комиссарлар Р. Жошыбаев пен И. Эргашев Өзбекстанның Халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесіне қатысуы туралы Келісімшартқа қол қойды.