Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Қазақстанға Қырғызстаннан әкелінетін автокөліктердің үлкен ағымы күтілмейді - А.Лаврентьев

26 тамыз 2015, 19:07

Қырғызстан Республикасының ЕАЭО-қа енуіне байланысты Қазақстанда қырғыз нөмірлері бар автокөліктердің үлкен ағымы күтілмейді, деп мәлімдеді бүгін ОКҚ брифингінде Қазақстандық автобизнес қауымдастығының басшысы Андрей Лаврентьев.

«Қырғызстан тарапынан автокөліктер ағымы күтілмейді», - деді А.Лаврентьев. 

Ол ҚР Үкіметі отандық автонарықты көрші елден жаппай көлік әкелуден қорғау бойынша уақытылы шаралар қабылдағанын айтып өтті.

«Осыған дейін Қырғызстанның ЕАЭО-қа қосылуы туралы ақпаратты естігеннен кейін қырғызстандық бизнесмендер Қазақстан аумағында қайта саудалау үшін елеулі көлемде көліктерді кіргізгенін хабарладық. 2014 жылдың барысында елімізде сату мақсатында көрші мемлекетке көліктердің үлкен топтамасы әкелінді», - деді Қауымдастық басшысы.

Осылайша, қабылданған шараларға сәйкес 2014 жылдың 1 қаңтарынан кейін кіргізілген автокөліктер кедендік одақ тауары болып табылмайды. Яғни, оларға барлық кедендік баж салықтары таралады.

Ол нақтылап өткендей, осы орайда Қазақстанның автоөнеркәсібіне залал тигізетін алыпсатарлыққа жол берілген жоқ.

Сонымен қатар, 2014 жылдың қаңтарына дейін Қырғызстанға кіргізілген көліктердің саны көп емес. Негізінен олардың басым бөлігі, А.Лаврентьевтің айтуынша, ескі автомобильдер және олар техникалық талаптарға сай келмейді.