Қазақстанда инфляция жыл басынан бері 5,2% құрады - ҚР ҰЭМ

01 тамыз 2016, 23:09

Баға азық-түлік тауарларына ағымдағы жылғы жеті айда (2016 жылғы шілде 2015 жылғы желтоқсанға) 5,6%, азық-түлік емес тауарларына – 5,2%, ақылы қызметтерге – 4,7%-ға өсті. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі мәлімдеді. 

Ведомствоның мәліметінше, ағымдағы жылдың басынан (2016 жылғы шілде 2015 жылғы желтоқсанға) бағаның өсуі картопқа 41,4%, жармаларға – 27,3%, қантқа – 26,4%, шайға – 20,6%, нанға – 14,3%, қайта өңделген және консервіленген көкөністерге – 10,6%, кондитерлік өнімдерге – 9,7%, салқындатылған сусындарға – 9,1%, макарон өнімдеріне – 8,8%, кептірілген жемістер мен жаңғақтарға – 8,2%, жеміс және көкөніс шырындарына – 7,5%, күнбағыс майына – 7,4%, тоқаш және ұннан дайындалатын өнімдерге – 6%, құс етіне – 5,8%-ға, жаңа жиналған жемістерге, мәйекті ірімшікке – 5,5%-дан белгіленді.

Бағаның төмендеуі жұмыртқаға 13,4%, шикі сүтке – 8,2%, жаңа жиналған көкөністерге – 9,5%, айранға – 0,7%-ға тіркелді.

Баға өсімі фармацевтикалық өнімдерге 13,1%, тұрмыстық аспаптарға – 8,2%, жеке қолданатын тауарларға – 7,9%, шыны және қыштан жасалған өнімдерге, жуғыш және тазалағыш құралдарға – 7,5%-дан, тоқыма бұйымдарына – 6,2%, автомобильдерге – 6%, киім және аяқ киімге – 4,9%, жиһаз және үйге қажетті заттарға – 3,1%-ды құрады.

Баға деңгейі денсаулық сақтау қызметтеріне 7,7%, мектепке дейінгі балалар мекемесінің – 7,5%, мейрамханалар мен қонақ үйлердің – 4,2%, демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласындағы – 4,1%, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары – 2,4%-ға өсті. Жолаушылардың әуе көлігімен жол жүру ақысы 22,3%, алыс қашықтыққа қатынайтын темір жол көлігіне – 14,1%, ішкі қалалық қатынастарда автобуспен – 7,6%-ға жоғарылады.

«Тұрғын үй-коммуналды қызметтер саласында тарифтер кәрізге 25,3%, суық суға – 12,4%, қоқыс шығаруға – 11,8%, тарату желілері арқылы тасымалданатын газға – 7,8%, орталықтан жылытуға – 7,3%, электр энергиясына – 4,9%, ыстық суға – 4,4%-ға өсті», – делінген хабарламада.