Кәрім Мәсімов «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы бойынша проблемалық мәселелерді бақылауға қойды

02 тамыз 2016, 19:57

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы ол өзінің Twitter-дегі аккаунтында хабарлады.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы туралы кеңес өткіздім. Өңірлердегі проблемалық мәселелер бақылауға қойылды", – деп жазды ҚР Премьер-Министрі өзінің Twitter-інде.

Бүгін, 2 тамызда, Астанада Үкімет үйінде Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы хабтық принцип бойынша тиімді инфрақұрылым құру негізінде еліміздің макроөңірлерін ықпалдастыру арқылы бірыңғай экономикалық нарық қалыптастыру үшін жүзеге асырылады. Нәтижесінде ол жұмыс орындарын құруға, Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық өсімін қамтамасыз етуге, сондай-ақ сыртқы нарықтарда жағдаяттың нашарлау жағдайында экономиканың жекелеген секторларына қолдау көрсету бойынша дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға бағытталған.

«Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі көрсеткіштері туралы ҚР ұлттық экономика министрінің орынбасары Марат Құсайынов баяндады. Оның мәліметінше, бағдарлама аясында автожол саласын дамытуға бөлінген 59,2 млрд теңге қаражат толық игерілді. «Білім беру саласында инфрақұрылымды дамыту» бағыты бойынша қаржыландырудың 60,9 млрд теңге жылдық жоспар кезінде игеру 22,3 млрд теңгені құрады.    

Сонымен қатар, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға 2016 жылы 78,5 млрд теңге қарастырылған. 2016 жылғы 25 шілдедегі жағдай бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес 30,5 млрд теңге бөлінген, оның 28,1 млрд теңгесі, немесе қаржыландыру жоспарының 92% игерілді.

Толық игерілмеу Алматы, Жамбыл, БҚО, Қостанай, СҚО, ОҚО және Астанада күтілуде.

ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтып өткендей, қазіргі таңда 96 білім беру нысандарының (77 мектеп және 19 балабақша) құрылысы жүріп жатыр, алайда мұнда да бірқатар облыстарда қаражатты толық игермеу қатерлері бар.

Жұмыс кеңесінің қорытындысы бойынша Премьер-Министр Үкімет мүшелеріне бағдарламаны жүзеге асырудың уақытылы орындалуын және бөлінген қаражатты толық игеруді бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. 

Анықтама үшін:

«Нұрлы жол» бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 6 сәуірдегі №1030 Бұйрығымен бекітілді.

Бағдарламаның басты міндеттері:

  • «сәулелі» принцип бойынша тиімді көлік-логистикалық инфрақұрылым құру;
  • индустриялық инфрақұрылымды және туристік инфрақұрылымды дамыту;
  • Бірыңғай электрэнергетикалық жүйе шеңберінде энергетикалық инфрақұрылымды нығайту;
  • тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын және жылу, сумен қамту және су бұру жүйелерін жаңғырту (жөндеу және салу);
  • азаматтарға арналған тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру;
  • білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту;
  • кәсіпкерлік субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
  • отандық машина жасауға қолдау көрсету;
  • экспортқа қолдау көрсету;
  • АӨК субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
  • «Бизнестің жол картасы-2020» жобаларын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету;
  • зертханалық базаларды дамыту арқылы өнім сапасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.