ҚР Үкіметі барлық мемлекеттік органдардың бюджеттік шығындарының тиімділігіне талдау жүргізеді

31 қаңтар 2017, 16:24
Фото: primeminister.kz

Қазақстан Президентінің Жолдауында айқындалған экономикалық өсімнің жаңа үлгісін құру аясында Үкімет ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қайта қалпына келтіріп, жеке капиталдың экономиканы қаржыландыруға қатысуын арттырып, орташа мерзімді кезеңде инфляция деңгейін 3-4 пайызға дейін сатылап төмендетуге қол жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру бойынша өткен Үкімет отырысы барысында айтты.

Жолдаудың үшінші басымдығы аясында Елбасы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету міндеттерін айқындап бергені мәлім.     

«Ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қайта қалпына келтіру және жеке капиталдың экономиканы қаржыландыруға қатысуын арттыру негізгі міндет болып табылады. Мемлекет басшысы орташа мерзімді кезеңде инфляция деңгейін 3-4 пайызға дейін сатылап төмендетуге қол жеткізуді тапсырды», - деп атап өтті Б. Сағынтаев. 

Сонымен қатар, банк секторын сауықтыру және қор нарығын дамыту бойынша шаралар кешенін әзірлеу қажет. Мемлекет басшысы Ұлттық банк пен Үкіметке теңгемен қолжетімді орташа және ұзақ мерзімді қорландыруды қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін дайындауды тапсырды.  

Бюджет шығындарының тиімділігін арттыру туралы айта келе,  Премьер-Министр еңбек және әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім және ғылым министрліктерінен бастап барлық мемлекеттік органдардың даму бюджетіне талдау жасауды жүктеді.

«Жүргізілген жұмыстардың қорытындылары бойынша біз қаржыны тиімсіз бағдарламалардан Үшінші жаңғыртудың міндеттерін жүзеге асыруды қамтамасыз ететін жаңа бастамаларға қайта бөлу туралы шешім қабылдайтын боламыз», - деп нақтылады министрлер кабинетінің басшысы.

Бюджет рәсімдерін оңайландыру мақсатында Премьер-Министр фискалды орталықсыздандыру саясатын жалғастыруды тапсырды. Ұлттық экономика және қаржы министрліктері Ұлттық банкпен бірлесе отырып сәйкес шаралар кешенін әзірлеуі тиіс. Бұл тұста бекітіліген Ұлттық қор қаражатын пайдалану Тұжырымдамасын ұстану қажет.

Ұлттық экономика және қаржы министрліктеріне экономикалық өсімнің жаңа моделінің мақсаттары мен міндеттерін ескере отырып, қолданыстағы салық жеңілдіктерін оңтайландыру және салықтық әкімшілендіруді жақсарту шараларын пысықтау тапсырылды.

«Президент квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі займдарды тартуын реттеу талабын қойды. Осыған байланысты Қаржы министрлігіне сәйкесінше мониторинг және бақылау жүйесін құру қажет», - деді Б  Сағынтаев.