ҚР Премьер-Министрі Алматыда қаржы секторы мәселелері бойынша кеңес өткізді

16 тамыз 2016, 03:12
Алматы
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов банк секторының өкілдерімен қаржы ұйымдарының қызметі мәселелерін талқылады.

Кеңесте ҚР Ұлттық банкі төрағасы Д. Ақышев, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы Кеңесінің төрағасы М. Әуезов, «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ю. Якупбаева сөз сөйледі.

Күн тәртібінде бірнеше тақырып, оның ішінде – Үкіметтің маусымдағы отырысында Премьер-Министрдің берген хаттамалық тапсырмаларын орындау, ҚР Ұлттық қоры қаражаты есебінен өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын қаржыландыру қаралды.

Д. Ақышев реттеушінің жүргізіп жатқан ақша-несие саясаты туралы айтып берді.

Жалпы, оның айтуынша, елімізде ақша-несие шарттары жеңілдетілуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық банк банктердің активтерінің сапасына бағалау жүргізумен байланысты жұмысты жалғастыруда.

«Қазіргі уақытта біз үздік халықаралық практиканы тиімді қолдану мақсатында халықаралық сарапшыларды тарта отырып, әдістеме, ақпаратық ресурстар мәселелерін, реттеуші құралдарды және қолданыстағы құқықтық базаны пысықтап жатырмыз. Банктердің барлық ұсыныстарын мұқият қараймыз, сәйкесінше активтердің сапасын бағалаудың алдағы қадамдары мен тетіктерінде банк секторының пікірлері барынша ескерілетін болады», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Сондай-ақ Ұлттық банкте зейнетақы активтерін жеке компаниялардың басқаруына беру бойынша жұмыс қалай жылжып жатқандығы айтылды. ҚР ҰБ болжамына сәйкес зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке басқаруға беру бойынша іс-шаралар 2019 жылдан ерте емес жүзеге асырыла алады.

«Бірінші кезекте, банктер нақты өндірісті несиелей алатындай жағдай жасауларыңыз керек. Өндіріске қолдау көрсету және жұмыс орындарын құру – бұл ең бастысы», - деді баяндамашылардың сөзін тыңдаған Кәрім Мәсімов.