«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудан ҚР бюджетіне 20 млрд теңге салық түсті

10 тамыз 2016, 22:25
Фото: Официальный сайт Премьер-Министра РК

2016 жылдың 7 айында республикалық бюджетке 20 млрд теңге салық түсті. Үкімет отырысында ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осындай мәліметтер келтірді.

«Ағымдағы жылдың 7 айында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жеңілдікті несиелеуге ие болған салық төлеушілерден 20 млрд теңге салық түсті. Бұл өткен жылы түскен сәйкес салықтар сомасының шамамен 60%. Яғни, қарқындар барабар», - деп мәлімдеді Б. Сұлтанов.

Сондай-ақ, ол «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қаражатты игеру кезіндегі оң динамиканы атап өтті.

«Бағдарлама қаражатын игеру динамикасы тұрақты өсімге ие болды. 1 сәуірде үлкен сынға ұшыраған кезбен салыстырғанда (ол кезде игеру 50 млрд теңгені құрады) игеру көлемі 8 тамыздағы жағдай бойынша 5 есеге артты, ал жартыжылдық қорытындысымен салыстырғанда өсім 40%-ды құрады. Тамыз айының бес жұмыс күнінде шығындар тағы 22 млрд теңгеге өсті, яғни қаражатты игеру қарқыны арта бастады», - деп түйіндеді қаржы министрі.

Б.Сұлтановтың айтуынша, қаражатты игеру бойынша мәлімет күн сайын жаңартылып, ҚР Қаржы министрлігінің сайтында жарияланады.