Өзін-өзі реттеу туралы заң мемлекет пен бизнес серіктестігі үшін жағдай жасайды - Қ.Өскенбаев

04 ақпан 2015, 22:19

«Өзін-өзі реттеу туралы» заңды қабылдау мемлекет пен кәсіпкерлік сектор арасында серіктестік қатынастырды құруға және жағымды бизнес ахуал қалыптастыруға көмектеседі, деп атап өтті бүгін Ұлттық экономика министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаев ҚР Парламенті Мәжілісінде заң жобасын таныстыру барысында.

«Өзін-өзі реттеу институтын енгізу кәсіпкерлікті дамытып, мемлекет пен бизнес арасында әріптестік өзара байланысты нығайтуға септігін тигізеді, сондай-ақ мемлекеттік рұқсат беру жүйесін оңтайландыруға мүмкіндік бермек», - деді Қ.Өскенбаев.

Ол заң жобасын жасамас бұрын халықаралық тәжірибе зерттелгендігін айтып өтті. Дамыған елдерде, оның айтуынша өзін-өзі реттеу ережелері салалар үшін жоғары стандарттарды бекіте отырып, заңмен қатар әрекет ете алады, немесе егер сала өзін-өзі реттеуді жүзеге асыруға міндетті болса, өзін-өзі реттеу әрекеттегі мемлекеттік нормалардың орнын баса алады.

«Жалпы Еуропа, АҚШ, Канада елдерінде барлық шағын және орта бизнес өзін-өзі реттеу ұйымдары арқылы реттеледі. Стоматологтар, заңгерлер, фармацевттер, жарнама агенттері, қаржы сарапшылары, яғни кез-келген кәсіби маман, кез-келген микрофирма қандай да бір өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшесі болып табылады. Сондықтан да, аталған елдерде жергілікті тұтынушылар барынша сапалы тауарлар мен қызметтерге ие», - деді Қ. Өскенбаев.

Ол заң жобасының мақсаты кәсіпкерлік және кәсіби қызметтің өзін-өзі реттеу институтын енгізу арқылы экономиканы мемлекеттік реттеу тиімділігін арттыру болып табылатынын айтты.