Президент тапсырмаларын орындау: Қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемінің ұлғаюы көлеңкелі айналымның қысқаруына әсер етеді – Е. Жамаубаев

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар туралы айтып берді.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрінің айтуынша, Қаржы министрлігі Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен Үкіметтің кеңейтілген отырысы шеңберінде берілген тапсырмалардың дереу орындалуын қамтамасыз ету үшін келесі шараларды қабылдауда.

Көлеңкелі экономиканың үлесін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне – 2025 жылы жалпы ішкі өнімге 15%-ға дейін төмендету жөніндегі жалпы басым міндетке қол жеткізу үшін жүйелі негізде қажетті шаралар қабылдануда.

«Іске асырылып жатқан шаралардың ішінде негізгі құралдардың бірі Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесінің толыққанды жұмыс істеуі болып қала береді. Ол үшін қолданыстағы ақпараттық жүйелер жаңартылып, мемлекеттік органдардың және екінші деңгейдегі банктердің дерекқорларымен кең интеграциялау жүргізілуде», — деді Е. Жамаубаев.

Шекаралас елдермен және басқа серіктестермен онлайн режимде ақпарат алмасу жолға қойылып жатыр.

Вице-премьердің айтуынша, көлеңкелі айналымның қысқаруына қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемінің ұлғаюы және халықтың кірістерін жалпыға бірдей декларациялауды енгізу үлкен әсер етеді.

Салық-кеден заңнамасы мен әкімшілендіруді одан әрі жетілдірудің арқасында, оның ішінде цифрландыру арқылы бюджетке қосымша түсімдер қамтамасыз етіледі және бизнесті жүргізу үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасалатын болады.

Экономиканы демонополизациялау мақсатында қаржы министрі ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың басшылығымен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатқанын атап өтті. 

Қазірдің өзінде Комиссияның 25 отырысы өткізілді, оның қорытындысы бойынша:

– бұрын жекешелендірілген және бәсекелес ортаға берілген объектілердің ішінен мемлекет меншігіне беру үшін объектілерді іріктеу өлшемшарттары әзірленді;

– телекоммуникация, теміржол инфрақұрылымы, экология және қонақ үй бизнесі салаларында акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердегі акциялар пакеті мен қатысу үлестері, жылжымайтын мүлік объектілері  және ақшалай қаражат мемлекет меншігіне қабылданды.

Көлік және теміржол инфрақұрылымы саласындағы тағы 26 компанияны мемлекеттік меншікке беру процесі жүріп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс күшейтілетін болады.

«Мемлекеттік сатып алуды жетілдіруге қатысты (43-т.), Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы, бизнес-қоғамдастық және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатарынан жұмыс тобы құрылды. Сараптамалық фокус-топ проблемалық мәселелерді анықтау тұрғысынан заңнамаға талдау жүргізді және жаңа заңның негізгі тәсілдерін әзірлеуде», — деді Е. Жамаубаев. 

Оның айтуынша, халықаралық сарапшылардың ұсыныстары талқыланды. Заң жобасына Тұжырымдама да әзірленіп жатыр. Заңның өзі келесі жылы қабылданады. 

Жеке тұлғалардың банкроттығы мен төлем қабілеттігін қалпына келтіруге қатысты айтар болсақ, бүгінгі таңда заң жобасы Парламентте талқыланып жатыр.

«Халықаралық тәжірибені ескере отырып, жеке тұлғалардың банкроттығы рәсімдерінің мынадай 3 түрі қолданылатын болады: соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі», — деді Е. Жамаубаев.

Оның айтуынша, өтініштерді өңдеу процесін автоматтандыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Барлық қажетті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер қысқа мерзімде қабылданатын болады.

Мемлекет басшысының қалған тапсырмалары бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп кешенді жұмыс жүргізіледі.

«Үкіметтің кеңейтілген отырысында және Президенттің сайлауалды бағдарламасы шеңберінде қойылған барлық тапсырмалар сапалы және уақтылы орындалатын болады. Бұл ретте Президент бастамаларын іске асыруға арналған шығыстар көлемі бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесіп пысықталады», — деді Е. Жамаубаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу