Президент тапсырмаларын орындау: Қазақстанда елдің электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдің электр энергетикасы саласын дамыту мәселесі қаралды. ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов пен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев саланың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы баяндады.

Энергетика министрінің айтуынша, қазіргі уақытта Біртұтас электр энергетикалық жүйе тұрақты жұмыс істейді.

«Биыл 16 қазандағы жағдай бойынша экспортты ескере отырып, электр энергиясын өндіру 86,9 млрд кВтсағ құрады. Тұтыну 86,8 млрд кВтсағ құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіштен 1,4%-ға төмен», — деді Б. Ақшолақов.

Оның айтуынша, тұтынудың төмендеуі көбіне цифрлық майнинг бойынша заңсыз қызметті жүзеге асырған тұлғаларды анықтауға қатысты жүргізілген жұмыстармен байланысты.

Осыған орай  энергия жүйесінің өткен жылдардағы жұмыс динамикасын ескере отырып, Энергетика министрлігінің бағалауы бойынша, 2022-2023 күзгі-қысқы кезеңінде энергия жүйесіндегі ең жоғары жүктеме шамамен 16,1 ГВт құрайды деп күтілуде.

Ел өңірлерінде жылыту маусымы басталып, штаттық режимде өтуде. Энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың дайындығы 95% құрайды.

Энергия көздерінің қоймаларында 4,1 млн тонна көмір және 81 мың тонна мазут жинақталған, бұл бекітілген нормаларға сәйкес келеді.

Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдарға күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспорттарын беру рәсімдері аяқталды. Нәтижесінде, энергия өндіруші ұйымдарға 95 паспорт, энергия беруші ұйымдарға 66 паспорт берілді.

Жалпы, Энергетика министрлігі жылыту маусымының, әсіресе аталған өңірлерде өту барысын тұрақты негізде бақылауды жүзеге асырады.

Сала перспективаларына тоқталған энергетика министрі қазіргі уақытта ведомствоның электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі пайымын дайындағанын атап өтті. Оны іске асыру үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдау талап етіледі.

«Біріншіден, электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу-сату негізінде жұмыс істеудің жаңа моделіне көшу арқылы электр энергиясы нарығын реформалау қажет», — деді Б. Ақшолақов.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде генерациялау секторында энергия көздерін дамытуға, инвестицияларды жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз етуге және мемлекет тарапынан бақылауды күшейтуге бағытталған шаралар топтамасы дайындалды.

Алдағы энергетикалық ауысу шеңберінде «таза көмір» технологияларын, жаңартылатын энергетиканы, заманауи газ және атом генерациясын, Smart Grid зияткерлік жүйесін қолдана отырып, ESG қағидаттары негізінде дамыту жөніндегі шаралар әзірленді.

«Бұл шаралар Министрлік әзірлеген Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы шеңберінде көзделген. Тұжырымдаманы Энергетика министрлігі осы жылдың қазан айында мемлекеттік органдармен келісу қорытындылары бойынша Үкіметтің қарауына енгізуді жоспарлап отыр», — деді Б. Ақшолақов.

Оның хабарлауынша, осы пайымды іс жүзінде іске асырудың бірінші кезеңі ретінде Министрлік заңнамалық түзетулер топтамасын дайындады, ол қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұр.

Генерациялайтын қуаттардың тозуын 15%-ға төмендету мақсатында 2035 жылға қарай «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясатына көшу шеңберінде тариф белгілеу тәсілдерін трансформациялау талап етіледі, бұл жыл сайынғы инвестициялар көлемін 3 есеге арттыруды талап етеді.

Осы бағдарламаны іске асыру шеңберінде Энергетика министрлігі энергия өндіруші ұйымдардың меншік иелерінің рөлін күшейтуді қамтамасыз етуді орынды деп санайды.

Мәселен, инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде өз қаражатын салу бойынша шаралар белгіленетін болады.

Бұдан басқа, жобаларды іріктеу кезінде нысаналы көрсеткіштер мен іс-шараларды, оның ішінде негізгі жабдықтың тозуын, отынның үлестік шығынын азайту, экологиялық көрсеткіштерді жақсарту жөніндегі іс-шараларды белгілеу жоспарлануда.

Сондай-ақ субъектілердің жария тыңдаулар және ашық сатып алулар өткізуі арқылы энергия өндіруші ұйымдардың қаражатын пайдаланудың ашықтығы қамтамасыз етілетін болады.

Бұл ретте жөндеу жұмыстарын жүргізу кезеңінде уәкілетті орган тарапынан сапаға бақылау белгіленетін болады.

Осы шараларды іске асыру мүмкіндігі үшін мемлекет тарапынан қарсы қолдау шаралары көзделетін болады.

«Энергия кәсіпорындары жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін инфляция деңгейіне индекстеуді көздейтін болжамды тарифтік саясат талап етіледі. Бүгінгі таңда электр қуаты нарығы шеңберінде салаға салынған инвестицияларды қайтаруға жұмсалатын қаражат көлеміне лимит белгіленді. Қазіргі уақытта лимит 32 млрд теңгеге тең және 100 млрд теңгеге ұлғайтуды талап етеді», — деді Б. Ақшолақов.

Оның айтуынша, сондай-ақ инвестициялар ағынын қамтамасыз ету мақсатында электр қуаты нарығындағы қолданыстағы тарифті айына 1 МВт үшін қазіргі 590 мың теңгеден 885 мың теңгеге дейін ұлғайту қажет.

Одан әрі энергетика министрі электр энергиясына орта мерзімді қажеттілікті жабу үшін генерация секторындағы бірқатар жобалар пысықталып жатқанын хабарлады. 

Жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдарды қалпына келтіру және кеңейту жөніндегі жұмыстар шеңберінде шамамен 2,3 ГВт-ты енгізу қосымша қамтамасыз етілетін болады.

Бұдан басқа, жалпы қуаты 2 ГВт-тан асатын жаңа электр станцияларын салу бойынша жобалар іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде.

Энергетика министрінің сөзінше, жоғарыда аталған жобалардың басым бөлігі – шамамен 2,3 ГВт – көмір генерациясын енгізуді көздейді.

«Көмірдің қолжетімділігі және дамыған көлік инфрақұрылымы көмір өндірудің сенімділігін және электр энергиясының төмен құнын анықтайды, бұл экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің негізі болып табылады», — деді Б. Ақшолақов.

Оның айтуынша, осы жобаларды іске асыру кезінде қазіргі заманғы технологиялар, оның ішінде «таза көмір» технологиялары (түтін газдарын сүзудің озық жүйелері, көмірқышқыл газын ұстау технологиялары, көмірді циклішілік газдандыру және т.б.) қолданылатын болады.

Сонымен қатар энергетика министрі еліміздегі жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту перспективалары туралы баяндады.

«Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында жиынтық қуаты шамамен 2 300 МВт болатын 140-тан астам ЖЭК объектісі жұмыс істейді, электр энергиясын жалпы өндірудегі ЖЭК үлесі 3,7%-ды құрайды. ЖЭК секторына тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 1 трлн теңгеден астам», — деді Б. Ақшолақов.

Осы жылы ЖЭК-тен алынған электр энергиясының көлемі 4,5 млрд кВтсағ немесе өндірістің жалпы көлемінің 4% көлемінде болжанады.

Бұл ретте, қаржы-есеп айырысу орталығымен қол қойылған шарттар шеңберінде 3 жыл ішінде жиынтық қуаты 850 МВт-тан асатын 48 ЖЭК объектісін қосымша енгізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында ЖЭК объектілерін салу бойынша ауқымды жобаларды іске асыруға бастама жасаған Франция, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы компанияларымен келіссөздер жалғасуда.

Бұл компаниялар электр энергиясының құнын қазіргі аукциондық бағадан төмен сатуды ұсынады және жеке келісімдер жасауды сұрайды.

«Нысаналы индикаторларға сәйкес 2025 жылға қарай электр энергиясын жалпы өндірудегі ЖЭК үлесі 6%-ға тең болуы тиіс. Осы индикаторға қол жеткізу бойынша шаралар қабылдау шеңберінде ағымдағы жылдың қараша айында жиынтық қуаты 690 МВт ЖЭК жобалары бойынша аукциондық сауда-саттық өткізу жоспарлануда», — деді Б. Ақшолақов.

Оның айтуынша, биыл ЖЭК секторына инвесторларды қолдау бойынша күшейтілген шаралар арқасында осы аукциондық сауда-саттықты өткізу қамтамасыз етілетін болады.

Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, энергетикалық теңгерімге сәйкес 2035 жылға қарай электр қуатына қажеттілік шамамен 27 ГВт деңгейінде болады деп күтілуде. 

«Қазіргі уақытта Қазақстандағы станциялардың қуаты 16 200 МВт құрайды. 2035 жылға қарай шамамен 17 ГВт жаңа базалық, икемді және жаңартылатын энергия қуаттарын салу қажет. Оның шамамен 11 ГВт Қор жүзеге асырады», — деді А. Сәтқалиев.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына» қоры электр энергетикасы саласында 6 басым жобаны іске асыра бастады. Құны 1,2 трлн теңгені құрайтын жобалар 2023 жылға дейін асырылады.

«Басым жобалар аясында жалпы сомасы 9 трлн теңгеден асатын 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Атом электр станциясын салудың ұзақ уақытын ескере отырып, жақын арада көмір өндіретін жаңа қондырғыларды салу қажет болады. Екібастұзда қуаты шамамен 1 200 МВт болатын жаңа ГРЭС салу мәселесі қарастырылып жатыр», — деді А. Сәтқалиев. 

«Самұрық-Қазына» қорының басшысы жобаларды іске асыру туралы толығырақ баяндап, екінші Алматы жылу электр станциясында 600 МВт бу-газ қондырғысын салу жобасы бойынша қаржыландыру мақұлданғанын атап өтті. Осы айда ашық тендер өткізіледі.

Үшінші Алматы жылу электр станциясында 450 МВт бу-газ қондырғысын салу аукциондық сауда-саттық механизмі бойынша жүзеге асырылады. Аукцион осы жылдың желтоқсан айында өткізіледі. 

Бірінші Алматы жылу электр станциясында 250 МВт бу-газ қондырғысын салу бойынша «Самұрық-Қазына» қоры Энергетика министрлігімен жобаны іске асыру мен қаржыландыру механизмін пысықтауда.

Алматы энергетикалық кешенін газдандыру жобаларын жүзеге асыру мақсатында «Самұрық-Қазына» қоры газ инфрақұрылымын салу мәселесін пысықтап жатыр.

Түркістан облысындағы бу-газ жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлену үстінде. 

«Самұрық-Қазына» қоры Оңтүстік өңірде қуаты 900 МВтқа дейін тағы бір бу-газ станциясының құрылысын қарастырып жатыр. 

Алматы қаласы мен Алматы облысында кабельдік желілерді қайта жаңғырту жобасы аясында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. 

Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасының айтуынша, Энергетика министрлігімен бірлесіп, келесі мәселелерді тез арада шешу қажет:

1) Инвестициялық келісімдер бойынша лимитті және электр энергиясы нарығындағы шекті тарифті арттыру;

2) электр энергиясының теңгеруші нарығын енгізу;

3) электр және жылу энергиясын өндіру арасындағы шығындарды өзара субсидиялау тәжірибесін тоқтату;

4) көршілес мемлекеттерден электр энергиясын жоспарлы жеткізуді қамтамасыз ету.

«Энергетика саласы экономика дамуының негізі болып табылады. Біз үшін басты міндет – энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономиканың қажеттіліктерін өтеу үшін саланың дамуын жеделдету», — деді А. Сәтқалиев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу