Ғимараттарды қалпына келтіру, кітапхана қорын жаңарту, фильмдер дубляжы: ҚР МСМ алқасының отырысы өтті

Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің қатысуымен өткен Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде 2022 жылы мәдениет саласында атқарылған жұмыстардың қорытындысы және алдағы жылға арналған міндеттер  талқыланды. 

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов 2022 жылғы жұмыстардың қорытындысы туралы айтып, 2023 жылға арналған жоспарлармен бөлісті. Ол биыл мәдениет саласы қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға ерекше назар аударылатынын атап өтті. Бұл үшін заңнамалық өзгерістерді қабылдау бағытында біршама жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ мәдениет қызметкерлеріне де, тәжірибе алмасуға да көп көңіл бөлінетін болады. 

Сонымен қатар, отандық театрлар мен киностудияларды жаңғырту және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Мысалы, шығармашылыққа жаңа қолайлы жағдай жасау үшін еліміздің ең ірі киностудиясы Ш. Айманов атындағы киностудияда жөндеу жұмыстары, сондай-ақ 2026 жылы 100 жылдық мерейтойын атап өтетін Қазақ ұлттық драма театрында қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады. 

Ведомство алдына қойылған тағы бір маңызды міндет – Алматыда Орталық мемлекеттік архив жанынан мұрағат қоймасын салу. Орталық мемлекеттік архив қоймасын кеңейту – тарихи-мәдени мұраның бай қабатын сақтау. Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов мәдениет саласын дамыту басқа салаларды дамыту сияқты өте маңызды екенін атап өтті. 

«Мәдениет еліміздің ұлттық құндылықтары мен мәртебесін, қоғамның руханиятын көрсетеді. Мәдениет саласын дамыту Мемлекет басшысының тікелей бақылауында және бұл біздің алдымызға бірқатар өзекті міндеттерді қойып тұр. Осы ретте келушілер тарапынан қызығушылықты арттыру үшін Мәдениет және спорт министрлігі салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп мәдениет ғимараттарын жаңғыртумен айналысуы, кітапханаларды жаңа сапалы әдебиеттермен толықтыруы, кітапхана қорын цифрландыруы, кинофильмдерді мемлекеттік тілге сапалы дубляждауы қажет», — деді вице-премьер Алтай Көлгінов.  

Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары жастарды бала кезден мәдениетке баулу қажеттігін атап өтті: театрлар мен музейлер базасында сабақтар өткізу, оқуға баулу, балаларды жан-жақты дамыту, әлемдік аренада мәдени мұрамызды дәріптеу, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасына енетін объектілердің тізімін кеңейту қажет.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу