Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы серпінді уағдаластықтарды іске асыру – ҚР Үкіметінде іс-қимыл жоспары талқыланды

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Астанаға жұмыс сапарымен келген Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасарлары Жамшид Ходжаевпен және Журабек Мырзамахмудовпен келіссөз жүргізді. 

Тараптар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 21-22 желтоқсанда Өзбекстанға жасаған сапарының қорытындысы бойынша екі мемлекет басшыларының берген тапсырмаларын іске асыру мәселелерін талқылады. 

Атап айтқанда, өзара сауда-саттықты ұлғайту, оның ішінде Бірлескен сыртқы сауда компаниясын құру, көлік-логистикалық ынтымақтастықты нығайту және тиісті инфрақұрылымды дамыту, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында кооперациялық жобаларды іске қосу, жаңа қайта өңдеу кластерлерін құру, ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлерін жеткізуді жолға қою және т. б. шаралар қаралды. 

Әлихан Смайылов ҚР Президентінің Өзбекстанға сапарының қорытындысы бойынша екіжақты өзара іс-қимылдың барлық басым салаларында серпінді уағдаластықтарға қол жеткізілгенін атап өтті. Оларды іске асыру туралы арнайы әзірленген Жол картасында егжей-тегжейлі жазылған, бұл республикалар арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға серпін береді. 

«Мемлекет басшылары бірінші кезектегі бірқатар міндеттерді айқындап, оларды іске асыру мерзімдерін нақты белгілеп берді. Азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық шараларды жүзеге асыру үшін үйлесімді және тиімді жұмысты қамтамасыз етуіміз керек», — деді Премьер-Министр. 

Оның айтуынша, ҚР мен ӨР арасындағы тауар айналымы тұрақты өсіп келеді. Бұл ретте басты міндеттердің бірі өнімді тасымалдау кезінде «тар дәліздерді» кеңейтіп, жалпы әкімшілік кедергілерді жою болып табылады. 

«Біздің елдеріміздің кәсіпкерлері өзара белсенді іскерлік қарым-қатынастар орнатқан, сондықтан бизнеске жаңа бірлескен жобаларды іске қосуға жан-жақты қолдау қажет. Біз сіздермен бірге осы бағытта жұмыс істеуге дайынбыз», — деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар тараптар су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. 

Өз кезегінде Жамшид Ходжаев Өзбекстан Үкіметі барлық тиімді бағыттар бойынша ортақ мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін Қазақстан Үкіметімен тығыз ынтымақтастықта нәтижелі жұмыс істеуге әзір екенін атап өтті. 

Кездесу соңында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов 2022 жылғы 21-22 желтоқсанда екі ел Президенттері арасында өткен келіссөз қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жөніндегі Жол картасына қол қойды. Өзбек тарапынан бұл құжатқа ӨР Премьер-Министрі Абдулла Арипов қол қояды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу